Қазақстан теннис құрамасы Канададан басым түсті
Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Астанада өткен Билли Джин Кинг кубогы іріктеу матчында Қазақстан әйелдер құрамасы Канада командасын 3:1 есебімен жеңіп, финалдық кезеңге өтті, деп хабарлайды KazFace.kz.
Шешуші кездесуде Юлия Путинцева канадалық Бьянка Андреескумен тартысты матч өткізіп, 7:6 (7:5), 3:6, 7:6 (7:4) есебімен жеңіске жетті. 3 сағат 40 минутқа созылған драмалық ойында Путинцева табандылық танытып, Қазақстан құрамасына жалпы жеңісті алып келді.
Алғашқы ойын күнінен кейін есеп тең болған еді. Путинцева Кайла Кроссті 6:3, 6:3 есебімен жеңсе, Соня Жиенбаева Андреескуға 4:6, 6:7 (4:7) есебімен есе жіберген.
Екінші күннің алғашқы матчында жұптық сында Анна Данилина мен Жибек Куламбаева Андрееску/Кросс жұбын 7:5, 6:2 есебімен ұтып, Қазақстанды алға шығарды – 2:1.
Шешуші ұпайды Путинцева әкелді. Үш сетке созылған кездесуде қарсыласының қарсылығына қарамастан, отандасымыз екі тай-брейкте де мықтылық танытып, матч тағдырын өз пайдасына шешті.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Канададан 3:1 есебімен басым түсіп, Қытайда өтетін финалдық турнирге жолдама алды. Сонымен қатар финалдық кезеңге Италия, Испания және Ұлыбритания құрамалары да шықты.
Айта кетейік, Билли Джин Кинг кубогы – 1963 жылдан бері өткізілетін әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионаты. Турнир атауы 39 дүркін «Үлкен дулыға» жеңімпазы Билли Джин Кинг құрметіне берілген.
Қазақстандық теннисшілердің бұл жеңісі – ел спорты үшін маңызды тарихи қадам.