Сұхбат KazFace.kz

Онлайн ойында танысып, отбасы құрған

Онлайн ойында танысып, отбасы құрған

 Гүлнұр АРАПБАЙ

Қазір басы бос адамдар үшін жұбын табу табудың түрлі тәсілі бар. Адамдар тек көшеде немесе тойда емес, интернет арқылы да танысып, отбасын құрып жатыр. Соның бір дәлелі – Замзагүл мен Әлібектің оқиғасы. Олар өздерінің ерекше таныстығы туралы KazFace.kz тілшісіне айтып берді.

Замзагүл 20 дан асқан бойжеткен өзінің өмірлік жарын онлайн ойыннан тапқан.  Ол ойынды бірнеше жылдан бері ойнап жүрген. Сол ойын ішінде дауыстық чат арқылы Әлібекпен танысып, тілдескен екен. Кейін екеуі ортақ WhatsApp тобына қосылып, сол жерде жиі сөйлесіп, жақын араласа бастайды.

«Чаттың  ішінде тек екеуміз ғана өте белсенді болдық. Бірден тіл табысып кеттік. Шыны керек, басында бұл жай ғана ойын ғой деп, Әлібектің жазғандарын аса маңызды қабылдамадым», – дейді Замзагүл.

Бір қызығы жігіт Павлодарда қыз Көкшетауда тұрады. Олар ұзақ онлайн сөйлесіп, уақыт өте келе екеуі бір-бірін жақсырақ танып, аралары жақындай түседі. Алғаш рет 2024 жылы Астана қаласында кездеседі. Онлайн сөйлесіп жүрген адамды өмірде көру олар үшін ерекше сезім болған. Кейін Бурабайда тағы кездесіп, қарым-қатынастары одан әрі нығаяды. Сол кезде Замзагүл өзінің жанына жақын адамын тапқанын түсінеді.
Замзагүлдің айтуынша, ойын барысында Әлібектің мінезі ерекше байқалған.

«5-ке 5 болып ойнағанда, мен қателік жасасам, басқа ойыншылар маған ұрсып жататын. Ал Әлібек әрдайым мені жақтап, ақтап шығатын. Оның сол байсалдылығы мені баурап алды», – дейді ол.

Алғашында Замзагүлдің отбасы бұл таныстыққа таңғалыспен қараған. Жақындары «интернет арқылы қалай отбасын құруға болады?» деп күмәнданған. Дегенмен, жастардың шынайы сезімін көріп, уақыт өте келе олар да түсіністікпен қабылдап, батасын береді.

2026 жылдың ақпан айында Әлібек сүйіктісіне ұсыныс жасап, екі жылға созылған арақашықтық махаббаты әдемі тоймен аяқталады.

“Әр жолы кездесуден кейін өз қалаларымызға тарағанда, сенің жаныңда мәңгі қалғым келетінін түсіндім. Сені жібергім келмеді, өйткені өмірімнің мәні сен екеніңді сездім,” – дейді Әлібек.

Қысқасы, олар онлайн ойында танысып, кейін отбасын құрған. Бұл – махаббаттың қай жерде басталатыны маңызды емес екенін көрсететін шынайы оқиға.