Сұхбат KazFace.kz

Көкшетаулық оқушы халықаралық байқауда жеңіп, университет грантын иеленді

Көкшетаулық оқушы халықаралық байқауда жеңіп, университет грантын иеленді

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Ақмола облысының оқушылары халықаралық деңгейде тағы бір мәрте өз білімдерін дәлелдеді. Астана қаласында өткен «INFOMATRIX-ASIA» халықаралық компьютерлік жобалар олимпиадасында өңір намысын қорғаған жас дарындар жүлделі орындарға ие болып, жоғары нәтиже көрсетті, деп хабарлайды KazFace.kz.

Биылғы додаға әлемнің 10 елінен 600-ге жуық оқушы қатысып, түрлі бағыттар бойынша өз жобаларын ұсынды. Олимпиада Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы және «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» халықаралық қоғамдық қорының қолдауымен ұйымдастырылды.

Ақмола облысынан қатысқан оқушылар тек бақ сынап қана қоймай, үздіктер қатарынан көрінді. Көкшетау қаласындағы №1 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Александр Ермишкин «Computer ART AI» бағыты бойынша II орынды иеленді. Ал Абай атындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының 9-сынып оқушылары Санжар Ережепов пен Мирас Темеш «Applied science» бағыты бойынша III орынға қол жеткізді.

Ерекше атап өтерлігі, байқау қорытындысында Александр Ермишкинге Алматы энергетика және байланыс университетінің толық білім гранты табысталды. Бұл — оның еңбегі мен талпынысының нақты нәтижесі.

Жеңімпаздардың өздері де әсерлерімен бөлісті.

«Бұл жарыс мен үшін үлкен тәжірибе болды. Өз жобамды халықаралық деңгейде қорғау оңай емес, бірақ дәл осындай мүмкіндіктер адамды шыңдайды. Грант ұтып алғаныма өте қуаныштымын, бұл – алдағы мақсаттарыма үлкен қадам», - деді Александр Ермишкин.

«Біз үшін бұл жоба – тек байқау емес, нағыз зерттеу жұмысы болды. Командамен бірге еңбек етіп, нәтиже көрсету – ерекше сезім. Алдағы уақытта да ғылыммен айналысуды жалғастырамыз», - деді Санжар Ережепов.

«INFOMATRIX» – әлемнің түкпір-түкпірінен IT саласына қызығатын оқушыларды біріктіретін беделді халықаралық конкурс. Ол Румынияда бастау алып, бүгінде «INFOMATRIX-ASIA» алаңы арқылы Азия елдеріндегі жас дарындарға кең мүмкіндік беріп отыр. Қазақстанда бұл жоба 10 жылдан астам уақыт бойы тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Бүгінде осы байқау арқылы қанаттанған түлектер әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында білім алып, түрлі салада табысты еңбек етіп жүр. Бұл – жас буын үшін үлкен мотивация мен жаңа мүмкіндіктер алаңы екені сөзсіз.