Премьер-министр : Конституцияның қабылдануымен ел дамуының жаңа кезеңі басталады
Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет отырысында экономикалық өсімді қамтамасыз ету шараларын жеделдету және мемлекеттік органдардың нәтижеге жауапкершілігін арттыру қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды KazFace.kz.
Оның айтуынша, биыл наурыз айында өткен кеңесте 2026 жылғы экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша бірқатар шаралар мақұлданған. Алайда кейбір мәселелердің шешімі әлі де созылып келеді. Бұл, атап айтқанда, «Бәйтерек» холдингін капиталдандыру және әкімдіктердің тұрғын үйге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту үшін мемлекеттік бағалы қағаздар шығару мәселелеріне қатысты.
Сонымен қатар, премьер-министр басым салаларда қосылған құнды арттыруға бағытталған инвестициялық жобалардың жеткілікті деңгейде пысықталмай отырғанын сынға алды. Оның айтуынша, әрбір сала бойынша өсім көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін нақты жобалар айқындалып, жүйелі жұмыс жүргізілуі тиіс.
«Әрбір басшыға жоспарланған өсім көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша жеке жауапкершілік жүктелген. Барлық проблемалық мәселелерді жедел түрде шешу қажет», – деді үкімет басшысы.
Отырыста мемлекеттік аппаратқа қойылатын талаптардың жаңа жағдайда өзгеретініне де ерекше назар аударылды.
Премьер-министрдің сөзінше, Конституцияның қабылдануы ел дамуының жаңа кезеңін айқындайды. Осыған байланысты мемлекеттік қызметшілерге, әсіресе басшыларға қойылатын талаптар күшейе түседі.
«Әрбір басшы өз жұмысына жаңа көзқараспен қарап, заманауи талаптарға қаншалықты сай келетінін бағалауы тиіс. Мемлекет басшысы айқындаған жаңғырту бағытына сәйкес нақты нәтижелер көрсету қажет», – деп түйіндеді Олжас Бектенов.