Ақмола облысында мектеп музейлері оқушыларға «тірі тарихты» танытуда
Гүлнұр АРАПБАЙ
Ақмола облысында мектеп музейлері оқушылардың білімін тереңдетіп қана қоймай, олардың тарихқа деген қызығушылығын арттырып келеді. Бүгінде өңірде 120 тарихи-өлкетану музейі жұмыс істейді. Бұл – жас ұрпаққа өткенді тек оқулық арқылы емес, нақты деректер мен жәдігерлер арқылы тануға мүмкіндік беретін маңызды алаң.
Осындай білім мен тәрбиені ұштастырған орындардың бірі – Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 мектеп-гимназиясы. Бұл білім ордасындағы музейдің тарихы 1975 жылдан бастау алады.
Мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі әрі аға тәлімгері атап өткендей, музей Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 30 жылдығына орай ашылған. Кейін оған даңқты жерлес, Кеңес Одағының Батыры, ғалым әрі жазушы Мәлік Ғабдуллиннің есімі берілген.
"Музей екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде мектептің тарихы мен оның үздік шәкірттері туралы мәліметтер ұсынылған. Ал екінші бөлім толықтай Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен шығармашылығына арналған. Мұнда оның шежіресі, балалық шағы, ғылыми және әдеби жолы қамтылған. Сонымен қатар, батырдың жеке заттары – галстугы, хаттары, ғылыми еңбектері мен оқулықтары сақталған", – дейді ұстаз Жұлдыз Аймахан.
Мектепте сондай-ақ «Мәліктану» үйірмесі жұмыс істейді. Оның қатысушылары музейге келушілерге экскурсия өткізіп, мәліметтерді қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде таныстырады.
Оқушылардың айтуынша, музей – тек таныстыру алаңы ғана емес, зерттеу орталығы.
9-сынып оқушысы Қайыргелді Жанель музейдегі жұмыстың өзіне ерекше әсер ететінін айтады.
"Мен «Мәліктанушылар» үйірмесінің және республикалық «Жас Ғабдуллиншілер» клубының мүшесімін. Музейде біз Мәлік атамыздың еңбектері мен хаттарын зерттейміз. Сонымен қатар келген қонақтарды үш тілде қарсы алып, экскурсия жүргіземіз. Жақында Сәбит Мұқановтың «Батырдың бейнесі» очеркін зерттеп, сол арқылы Мәлік Ғабдуллин туралы көптеген жаңа мәлімет білдік", – дейді оқушы.
Бүгінде мұндай музейлер оқушылардың тек білімін толықтырып қана қоймай, олардың зерттеушілік қабілетін дамытуға да ықпал етіп отыр. Сонымен қатар, жас ұрпақтың ел тарихына деген құрметін арттырып, патриоттық тәрбие беруде маңызды рөл атқарады.
Өңірде бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Жаңа экспозициялар ашылып, «тірі тарихқа» қол жеткізетін оқушылар қатары арта түспек.