Қоғам

Депутат грант жүйесін қайта қарауды ұсынды

Депутат грант жүйесін қайта қарауды ұсынды

Жұлдыз ОРАЗХАН

Мәжіліс депутаты Болатбек Алиев ғылым және ғылыми-зерттеу қызметі туралы заң жобасын талқылау барысында гранттық қаржыландыру жүйесіндегі бірқатар мәселелерге назар аударды, деп хабарлайды KazFace.kz.

Оның айтуынша, ресми деректерге сүйенсек, мемлекеттік гранттарды бірдей ұйымдар мен тұлғалар бірнеше жыл қатарынан алып келеді. Бұл жағдай жас ғалымдар мен жаңа ғылыми топтардың қаржыландыруға қол жеткізу мүмкіндігіне қатысты сұрақтар туындатады.

Депутат статистикалық есептіліктің мазмұнына да тоқталды. Оның пікірінше, бір грант алушы бірнеше жобаны қатар жүзеге асырған жағдайда, есеп көрсеткіштері жоғары болып көрінгенімен, нақты экономикалық қайтарым төмен болуы ықтимал. 

“Соңғы бес жылда шамамен 696 млрд теңге бөлінген, ал сатылым көлемі 44 млрд теңгенің шамасында. Бұл — елеулі теңгерімсіздік. Сонымен қатар ұсынылған кестелерде әр жоба бойынша нақты қаржыландыру көлемі көрсетілмеген. Тек атауы мен орындаушысы берілген. Қаражат мөлшері мен нәтиже көрсеткіштері ашық болмайынша, шынайы ашықтық туралы айту мүмкін емес”— деді депутат.

Егер ұсынылған шаралар қабылданбаса, бюджет қаражаты тар шеңбер аясында қайта бөлініп, ғылымды дамытуға емес, қаржыны формалды түрде игеруге қызмет етуі мүмкін екенін де депутат атап өтті.

Ол заң жобасының екінші оқылымына дейін грант алушылардың жиынтық қаржыландыру көлемін ашық көрсету, шынайы бәсекелестікті қамтамасыз ету және қайта қаржыландыруды нақты нәтижемен байланыстыру жөнінде түзетулер енгізуді жоспарлап отыр.