Щучье қаласындағы жарылыстан 7 адам қаза тапты
Жұлдыз ОРАЗХАН
Ақмола облысының Щучье қаласында қайғылы жағдай салдарынан 7 адам қаза тауып, 28 адам зардап шекті, деп хабарлайды KazFace.kz.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жарылыс бес қабатты тұрғын үйге іргелес орналасқан бір қабатты дәмханада газ бен ауа қоспасының тұтануы салдарынан болған, артынша өрт шыққан. Оқиға туралы хабар түскеннен кейін Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері бес минут ішінде жетіп, құтқару жұмыстарына кіріскен. Авариялық-құтқару шаралары барысында әрқайсысының көлемі 50 литрлік бес газ баллоны мен екі оттегі баллоны өрт аумағынан шығарылып, қайталама жарылыстың алдын алуға мүмкіндік туған. Өрт сөндірушілер жанып жатқан нысаннан 10 адамды құтқарды.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермектің мәліметінше, жарылыс салдарынан зардап шеккен 28 адамның 13-і стационарлық ем, ал 8-і амбулаториялық ем қабылдауда, олардың 10-ы жансақтау бөлімінде жатыр.
«Қазіргі таңда Щучье аудандық ауруханасының реанимация бөлімшесінде жағдайы ауыр және аса ауыр төрт науқас жатыр. Травматология бөлімінде үш науқас ем қабылдауда. Ал алты науқас жедел көрсеткіш бойынша Көкшетау қаласындағы көпсалалы облыстық ауруханаға эвакуацияланып, реанимацияда жатыр», – деді Нариман Ермек.
Өкінішке қарай, жеті адам қаза тапты, олардың екеуі жансақтау бөлімінде көз жұмған.
Өңір әкімдігінің ақпараты бойынша, зардап шеккен 28 адамның 13-і дәмханаға келген келушілер болса, қалғандары мекеме қызметкерлері. Қаза тапқан алты адам – дәмхана қызметкерлері. Алдын ала дерекке сәйкес, көз жұмған 16 жастағы қыз анасының жанында болған, анасы сол мекемеде жұмыс істеген.
Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әріновтің бұйрығымен құрылған ведомствоаралық комиссияға ТЖМ басшысы төрағалық етеді. Оның құрамына ішкі істер, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, энергетика, өнеркәсіп және құрылыс, әділет, сауда және интеграция министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ Ақмола облысы әкімдігінің қызметкерлері енген. Комиссияға оқиғаның себептерін жан-жақты, толық әрі объективті тергеу, сондай-ақ осындай жағдайлардың алдын алу үшін қажетті ұйымдастырушылық және профилактикалық шараларды әзірлеу тапсырылды.
Қазіргі уақытта қауіпсіздік талаптарының сақталуы мен газ жабдықтарының техникалық жағдайы тексерілуде. Зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп жатыр, ал өңірлік төтенше жағдайлар департаментінде жедел желі жұмыс істейді.
Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар министрлігі марқұмдардың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, тергеу нәтижелері бойынша қосымша ақпарат берілетінін хабарлады.