Карин: Қазақстан ашық диалог пен ортақ шешім қабылдаудың үлгісін көрсетіп отыр
Бүгін өтіп жатқан референдум – конституциялық реформаға қатысты жарты жылдан астам уақыт бойы жүргізілген қоғамдық талқылаулардың қорытындысы. Бұл туралы Қазақстан Республикасы мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Карин айтты, деп хабарлайды KazFace.kz
Оның сөзінше, 189 күнге созылған талқылау барысында мыңдаған азамат, сарапшы және қоғам белсенділері өз пікірлерін білдірген. Осы уақыт ішінде қоғам тарапынан жоғары белсенділік пен азаматтардың кең ауқымды қатысуы байқалды.
«Негізінде, бұл референдум Қазақстанның болашағын айқындайды. Бүгін азаматтар қандай қоғам құратынымызды, еліміздің қандай құндылықтар мен қағидаттар негізінде дамитынын шешеді», – деді ол.
Мемлекеттік кеңесші соңғы төрт жыл ішінде елімізде үшінші рет референдум өтіп жатқанын еске салды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы ұсынған барлық маңызды шешімдерді халықтың пікірін ескере отырып, референдум арқылы қабылдау қағидасы еліміздің саяси өміріндегі тұрақты тәжірибеге айналды.
Ерлан Кариннің пікірінше, соңғы жылдары Қазақстан мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалог пен бірлескен шешім қабылдаудың үлгісін көрсетіп келеді. Бұл өз кезегінде елдегі саяси өмірдің жоғары қарқынын және қоғамның прогреске ұмтылысын айқын аңғартады.