Қаржылық бақылау күшейтіледі: 7 триллион теңге дауы
Жұлдыз ОРАЗХАН
Соңғы апталарда ақпараттық кеңістікте қызу талқыланған «7 триллион теңге» мәселесі ресми түсіндірмелер мен кадрлық шешімдерден кейін жаңа кезеңге өтіп, бірнеше мемлекеттік органның мәлімдемелері аясында қоғамда кең пікірталас тудырды, деп хабарлайды KazFace.kz.
28 қаңтарда өткен кеңесте мемлекет басшысы бір банктің 7 триллион теңге көлеміндегі қаражат қозғалысына қатысты мәселе көтеріп, жауапты құрылымдарға нақты тапсырмалар жүктеген болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде:
“Қаржылық бақылау агенттігімен бірлесіп, коммерциялық банктердегі заңсыз немесе күмәнді операцияларды бақылауды күшейту қажет. Төраға Элиманов жақында маған бір қазақстандық банктің әрекеттері туралы хабарлады: 2025 жылы көршілес елден 7 триллион теңгеден астам қаражат басқа елдерге аударылған. Заң, экономика, тіпті саясат тұрғысынан бұл, менің ойымша, таңқаларлық жағдай. Өкінішке қарай, осындай алаяқтық қаржылық схемаларға қатысты фактілер әлі де көп”, - деп атап өтті.
Бұл ақпарат қоғамда кең резонанс тудырып, қаржы секторындағы ықтимал тәуекелдер туралы талқылауға себеп болды.
Кейінірек Ұлттық банк өкілдері аталған сома заңсыз аударым немесе шығын емес, банктің жалпы айналым көрсеткіші екенін түсіндірді. Яғни сөз белгілі бір кезеңдегі операциялық көлем туралы болған. Осылайша, бастапқы қабылдау мен техникалық түсіндірме арасында айырмашылық пайда болды.
Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров президент Тоқаевтың 7 триллион теңге туралы сөзін былайша түсіндірді:
“Президент ешқашан тексерілмеген ақпаратты жарияламайды. Егер ол 7 триллион теңге көлеміндегі транзакциялар (аударымдар) болғанын айтса, солай болған деген сөз. Бұл ақпарат тек Қаржылық мониторинг агенттігінде өткен отырысқа арналған, жалпылама талқылауға арналмаған, яғни қызметтік сипатта болған”.
Смадияров сондай‑ақ Тоқаев саяси мақсат пен дипломатиялық протокол талаптарын ескере отырып ақша қай елден шыққанын, қай елге жіберілгенін де, банк атауын да арнайы айтпағанын айтты, өйткені бұл ақпарат санкциялық режим жағдайында сезімтал деп есептелген.
Ал Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов бұл қаражаттың заңсыз шығарылуы емес, жалпы айналымы туралы екенін түсіндірді: ол БАҚ‑қа берген пікірінде бұл сома банктегі жалпы операциялық айналымды көрсететінін, ақшаның таза сыртқа шығарылуы емес екенін, сондай-ақ банкке әлі тексеру жүргізілуде, бірақ қазіргі кезде айқын құқықбұзушылық белгілері анықталмағанын айтқан болатын.
Айта кетейік, бүгін мемлекет басшысының өкімімен Берік Шолпанқұлов берген өтінішіне сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары лауазымынан босатылды.
Журналистер мен сарапшылар бүгінгі Берік Шолпанқұловтың қызметінен босатылуын 7 триллион теңге қозғалысы мәселесімен байланыстыруда. Ресми ақпаратқа сәйкес, қызметтен босату жеке өтініш негізінде жүзеге асқан.