Билік

Қазақстанда жаңа мемлекеттік орган құру жоспарлануда

Қазақстанда  жаңа мемлекеттік орган құру жоспарлануда

Жұлдыз ОРАЗХАН

V Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының және Ұлттық құрылтайдың миссиясын аяқтап, олардың орнына Халық Кеңесін құру ұсынысын жариялады, деп хабарлайды KazFace.kz.

Жаңа орган барлық қоғам өкілдерін қамтитын тұрақты алаң ретінде қызмет етеді.

Мемлекет басшысы атап өткендей, Халық Кеңесі жалпыұлттық диалогты дамыту, этностар мен аймақтар арасындағы байланыс пен ынтымақтастықты нығайту үшін құрылады.

«Жаңа орган Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық құрылтай функцияларының сабақтастығын сақтай отырып, кеңес құрамына барлық этностар мен аймақтар қамтылады. Халық Кеңесі – елдің ең жоғарғы консультативтік органы болады», – деді мемлекет басшысы.

Халық Кеңесінің құрамы 126 адамнан тұрады: 
42 – этномәдени бірлестіктерден, 
42 – ірі қоғамдық ұйымдардан, 
42 – мәслихаттар мен аймақтық қоғамдық кеңестерден. Барлық мүшелерді президент тағайындайды, төрағаны кеңес мүшелері сайлайды.

Халық Кеңесі заң шығару бастамасын жасау құқығына ие, жылына кемінде бір рет сессия өткізеді және этностар мен діндер арасындағы келісім мәселелерін қарастырады. Сондай-ақ, ішкі саясат, мемлекеттік идеология, конституция және маңызды мемлекеттік форумдарды өткізу бойынша ұсыныстар әзірлейді.

Жаңа орган Қазақстандағы қоғамдық диалогты нығайту және азаматтық бастамаларды қолдау үшін негізгі алаң болып саналады.