Сұхбат KazFace.kz

Көпбалалы ана ауылда табысты бренд қалыптастырды

Көпбалалы ана ауылда табысты бренд қалыптастырды

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Целиноград ауданындағы Қараөткел ауылында көпбалалы ана, кәсіпкер Айгүл Қуандықованың әр күні таңсәріден басталады. Қала тұрғындары «балалықтың дәмі» деп бағалайтын табиғи өнімдер дәл осы шағын ауылда дайындалады. Ал Айгүл үшін бұл – жай ғана табыс көзі емес, жүрек қалауымен айналысатын өмірлік ісі. Оның оқиғасы ауыл шаруашылығындағы табысты кәсіптен бөлек, отбасы дәстүрін сақтап, оны заманауи брендке айналдыра білген жанның шынайы өмір жолын көрсетеді. Кәсіпкер әйел өзінің шағын ісі туралы KazFace.kz тілшісіне сұқбат берді. 

Айгүлдің кәсіпке келуі отбасына қолдау көрсетуден басталған. Бұған дейін Алматы қаласында қызмет істеп, клиенттермен жұмыс жүргізуде тәжірибе жинақтаған ол ауылға қоныс аударған соң, отбасылық шаруашылықтың әлеуетін бірден байқайды. Әйелдің іскерлігі мен жаңа көзқарасы бұл істі жаңа деңгейге көтерді. 2018 жылдан бастап әлеуметтік желілерде парақша ашып, өнімдерін жарнамалай бастаған «Ауыл Берекесі» біртіндеп елорда тұрғындарына таныла бастады.

Алғашында тек өз күштеріне сенген отбасы 2020 жылы «Даму» қоры арқылы мемлекеттік қолдауға ие болып, жылқы шаруашылығын дамытуға мүмкіндік алды. Бұл олардың кәсібіне серпін бергенімен, негізгі қозғаушы күш әрдайым Айгүлдің еңбекқорлығы мен бастамашылдығы болды.

Бүгінде шаруашылықта әр өнімнің өзіндік тарихы бар. Кәсіпкердің басты мақтанышы – саумал. Шипалы қасиетімен танылған бие сүті үшін адамдар алыстан арнайы келеді. Қатаң кесте бойынша әр екі сағат сайын ауылға келушілердің қарасы үзілмейді. Сонымен қатар, ерекше сұранысқа ие өнімдердің бірі – енесінің көне рецептімен дайындалатын қою, жұмсақ әрі қышқылдығы сезілмейтін айран.

«Клиенттермен байланыс үзілмейді. Күн сайын мессенджердегі топқа қандай өнім бар екенін жазып отырамын. Instagram парақшамды да өзім жүргіземін. Тұрақты тұтынушыларымыз көп, олардың басым бөлігі – Астанадан. Көбі арнайы саумал ішу үшін келеді», – дейді кәсіпкер.

Айгүл көмекші жалдап көргенімен, өнім сапасы үшін жауапкершілікті өз мойнына алғанды жөн көреді. 

«Ешкім өз ісіңе сен секілді жан-тәнімен берілмейді», – дейді ол. 

Сондықтан сауу, өңдеу, қаптау – барлығын өзі атқарады. Бұл оңай емес, дегенмен сапа – оның басты ұстанымы.

Қуандықовтар отбасы өзара үйлесімді жұмыс істейді: жолдасы жылқы шаруашылығы мен қонақтарды қабылдауға жауап берсе, Айгүл өндіріс, тапсырыс және жеткізу жұмыстарын ұйымдастырады. Күн ара Астана қаласына табиғи өнімдер жеткізіліп тұрады.

Кәсіпкер болашақта істі кеңейтуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда олар айран, қымыз, саумал, құрт, қаймақ, сүзбе сияқты өнімдер дайындайды. Ал алдағы уақытта ет өнімдерінің түрін көбейтіп, жартылай фабрикаттар, бешбармаққа арналған жиынтықтар, ысталған өнімдер, тушенка мен паштеттер шығаруды көздеп отыр.

Сонымен қатар, отбасылық ас мәзірінде ерекше орын алатын бауырсақ та бар. «Енемнің рецептімен дайындалатын бауырсақтың жасалу тәсілі бөлек. Бұрын тек жақындарымызға пісіретінбіз, енді тапсырыспен ұсынуды жоспарлап отырмыз», – дейді Айгүл.

Кәсіпкерлер үшін туған жердің дамуына үлес қосу маңызды. Сондықтан олар салықты осы өңірде төлеп, ауылдың өркендеуіне, балалар білім алып жүрген мектептің жағдайын жақсартуға өз үлестерін қосуда.

Айгүл Қуандықова – көпбалалы ана бола тұра, табысты кәсіп жүргізіп отырған қайсар жандардың бірі. Ол әйел адамның отбасы мен бизнесті қатар алып жүруіне толық мүмкіндік бар екенін дәлелдеп келеді.

«Ауыл Берекесі» атауының өзі терең мағынаға ие. Бұл – маңдай тер, тынымсыз еңбек пен туған жерге деген сүйіспеншіліктің жемісі. Кешкісін тұтынушылардан келген алғыс сөздерді оқығанда, барлық шаршау артта қалады. Себебі оның еңбегі адамдарға қуаныш пен денсаулық сыйлап жатыр – бұл кәсіпкер үшін ең үлкен марапат.