Туған жерге адалдық: бір әулеттің табысты тарихы
Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Қазақстан ауылдарының тағдыры көбіне туған жерінде адал еңбек етіп, өмірін соған арнаған жандардың өнегелі жолымен қалыптасады. Осындай адамдар берекелі отбасы құрып, шаруашылықты дамытып, еңбек дәстүрін келесі ұрпаққа аманат етіп қалдырады, деп хабарлайды KazFace.kz.
Солардың бірі – ауыл шаруашылығымен біте қайнасқан өмір сүріп келе жатқан, көпшілік құрметіне ие еңбек адамы Мансия Сыздықова.
Мансия Сыздыққызы 1950 жылы дүниеге келген. Оның өмір жолы өз замандастары секілді ауыл тіршілігімен тығыз байланысты болды. Күнделікті еңбек, жерге деген жанашырлық, елге деген жауапкершілік – оның ғұмырының ажырамас бөлігіне айналды.
Ол ұзақ жылдар бойы «Нахимовский» астық совхозында бас бухгалтер қызметін атқарды. Бұл мамандық үлкен жауапкершілік пен дәлдікті талап етеді. Өйткені бухгалтерлік есептің әрбір көрсеткіші – шаруашылықтағы нақты еңбектің, егіннің, өндірістің көрінісі.
Әріптестері Мансия Сыздыққызын білікті маман, сенім артуға болатын жауапты қызметкер ретінде жоғары бағалайды. Ол құжаттармен ұқыпты жұмыс істеп, күрделі жағдайларда дұрыс шешім қабылдай білетін, қаржылық тәртіпті мінсіз сақтайтын маман болды.
Зейнеткерлікке шықса да, Мансия Сыздыққызы сүйікті ісінен қол үзген жоқ. Қазіргі таңда ол «Мерей», «Мұқаш» шаруа қожалықтары мен «Барыс-Бек» ЖШС-де бухгалтер болып еңбек етуде. Сонымен қатар өзі де «Мұқаш» шаруа қожалығының жетекшісі ретінде ауыл шаруашылығы саласында белсенді қызметін жалғастырып келеді.
– Мен үшін еңбек – өмірдің негізі. Адал ниетпен жұмыс істесең, оның нәтижесін көресің. Бұл – өз ауылыңа, еліңе пайдалы іс атқарудың бір жолы, – дейді ол.
Мансия Сыздыққызының өмірі тек еңбекпен ғана шектелмейді. Оның басты байлығы – үлкен, тату отбасы. Жолдасымен бірге алты бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олардан 19 немере, 6 шөбере сүйіп отыр. Балалардың күлкісі естілетін, ағайын-туыс жиналатын шаңырақ – отбасы бірлігінің нағыз үлгісі.
Көпбалалы ана ретінде Мансия Сыздыққызы «Күміс алқа» мемлекеттік наградасымен марапатталған. Дегенмен ол үшін ең үлкен мақтаныш – балаларының ата жолын жалғастырып, еңбекке адал болуы.
1995 жылы Бекжановтар отбасы алғашқы отбасылық шаруа қожалығын құрды. Бүгінде олардың төрт ұлы ауыл шаруашылығымен айналысып, «Мерей» шаруа қожалығы мен «Барыс-Бек» ЖШС-ін басқарып отыр. Олар егіншілік пен мал шаруашылығын қатар дамытып, Нахимов ауылдық округінің өркендеуіне өз үлестерін қосуда.
Қазіргі таңда Мансия Сыздыққызы ауылдастарының зор құрметіне ие. Оны дана ана, тәжірибелі маман әрі жүрегі кең жан ретінде таниды. Оның өмір жолы, еңбегі мен адамгершілігі – жас ұрпақ үшін өнеге.