АҚШ-та ауызша емтихан қайта енгізілуде
Жұлдыз ОРАЗХАН
АҚШ жоғары оқу орындарында білімді бағалаудың дәстүрлі формасы қайта жанданып келеді, деп хабарлайды KazFace.kz.
Соңғы уақытта оқытушылар студенттердің білім деңгейін анықтауда ауызша емтихан тәсілін жиі қолдана бастады. Бұл қадам генеративті жасанды интеллекттің оқу үдерісіне әсерін азайтуға бағытталған.
Мәселен, Cornell University университетінің биомедициналық инженерия курсында студенттер жазбаша емтиханның орнына «ауызша қорғау» тапсырады. Бұл форматта білім алушылар ноутбук, жазба немесе кез келген цифрлық құралдарды қолданбай, өз жұмыстарын оқытушыға тікелей түсіндіріп, сұрақтарға жауап береді.
Аталған әдісті енгізген профессор Chris Schaffer мұндай емтиханды жасанды интеллект арқылы тапсыру мүмкін емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі білім беру жүйесіндегі басты мәселе – студенттің нақты нені меңгергенін анықтау.
Сарапшылардың пікірінше, бүгінде студенттердің жазбаша жұмыстары мінсіз көрінгенімен, олардың мазмұнын түсіндіруде қиындықтар жиі кездеседі. Бұл жасанды интеллектіні шамадан тыс қолдану сыни ойлау қабілетінің әлсіреуіне әкелуі мүмкін деген алаңдаушылық туғызады.
University of Pennsylvania университетінің доценті Emily Hammer жазбаша тапсырмаларды ауызша емтихандармен ұштастырып келеді. Оның сөзінше, бұл тәсілдің мақсаты – көшірумен күресу емес, студенттердің танымдық және шығармашылық дағдыларын сақтау.
Ал New York University оқытушылары сабақ барысында презентациялар, пікірталастар және жедел ауызша тексерулерді жиі қолдана бастады. Сонымен қатар, профессор Panos Ipeirotis жасанды интеллекттің қатысуымен ауызша емтихан жүйесін енгізіп, студенттердің жауаптарын нақты уақыт режимінде талдауға мүмкіндік жасап отыр.
Осылайша, АҚШ университеттері дәстүрлі және заманауи тәсілдерді үйлестіре отырып, білім сапасын арттырудың тиімді жолдарын іздеуде. Ауызша емтихан студенттің шынайы білімін бағалаудың маңызды құралы ретінде қайта қолданысқа енуде.