Қазақстан Экономикалық күрделілік индексінде 55-орынға көтерілді
Harvard Growth Lab жариялаған Экономикалық күрделілік индексінің (ECI) жаңартылған деректеріне сәйкес, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан 0,38 балл жинап, 145 елдің ішінде 55-орынға ие болды, деп хабарлайды KazFace.kz.
Маңыздысы – 2023 жылғы деректер қайта қаралып, елдің позициясы 89-орыннан 52-орынға түзетілді (0,45 балл). Бұл Қазақстанның экономикасы құрылымдық тұрғыдан күрделірек деңгейге өткенін көрсетеді.
2020–2024 жылдар аралығында Қазақстан 87-орыннан 55-орынға көтеріліп, +32 позицияға ілгерілеген. Бұл – аймақтағы ең жоғары көрсеткіш. Салыстырмалы түрде, Өзбекстан 86-дан 70-ке көтерілсе, Қырғызстанның өсімі баяу, Түрікменстан аутсайдерлер қатарында қалып отыр, ал Ресей керісінше төмендеген.
Айта кетейік, бұрынғы Стратегиялық даму жоспарында Қазақстанның 2025 жылға дейін 55-орынға шығуы мақсат етілген еді. Бұл межеге іс жүзінде қол жеткізілді.
Сарапшылардың пікірінше, көрсеткіштің өсуі – экономиканың әртараптануы мен шикізаттық модельден біртіндеп алыстаудың белгісі.