Жаңалықтар

Мұрат Адам адвокаттық лицензиясынан айырылды

Мұрат Адам адвокаттық лицензиясынан айырылды

Балауса ЖАҚСЫБАЙ 

Қорғаушы Мұрат Адам  адвокаттық қызметпен айналысу лицензиясынан толық айырылды. Бұл үкімді Алматы қаласының Бостандық аудандық соты Әділет министрлігінің талабын қанағаттандырып шығарды, деп хабарлайды KazFace.kz.

Мұрат Адам  адвокаттық заң талаптарын және кәсіби әдеп нормаларын өрескел әрі бірнеше рет бұзған. Сот адвокаттың кәсіби міндеттерін орындау барысында заңнама талаптарын, заң көмегін көрсету қағидаттарын және Адвокаттардың кәсіби әдеп кодексін өрескел әрі бірнеше рет бұзғанын анықтады.

Атап айтқанда, Мұрат Адам әлеуметтік желілерде өз құқықтарының бұзылғаны, тергеу мен соттың заңсыз әрекеттері туралы жалған ақпарат жариялап, қоғамды адастырған. Бұл әрекеттер жүйелі әрі жария сипат алып, сот төрелігі мен адвокатураның беделіне нұқсан келтірген. Кейінірек тергеу органдарының әрекеттері сот актілерімен заңды деп танылғанына қарамастан, адвокат әлеуметтік желілерде шындыққа жанаспайтын мәлімдемелерін жалғастырған.

Істің сотқа жетуіне ішкі істер органдарының ұсынбасы негіз болған. Талап-арыз адвокаттың кәсіби мінез-құлқына және заң мен әдеп талаптарын сақтауына ғана қатысты болғаны атап өтілді. 2025 жылғы 1 желтоқсанда Orda.kz редакциясында және бас редактор Гүлнар Бажкенованың үйінде жүргізілген санкцияланған тінту барысында Мұрат Адам өзін қорғаушы ретінде таныстырғанымен, процессуалдық мәртебесін растайтын құжаттарды ұсынбаған. Соған қарамастан, ол бір сағаттың ішінде әлеуметтік желілерде 16 жарияланым жасап, тергеу әрекеттерін заңсыз деп сипаттаған.

Әділет департаменті адвокатураға қысым жасалды деген уәждерді жоққа шығарып, тәуелсіздік жауапкершіліктен босату емес екенін, әр адвокат заң мен кәсіби этиканы сақтауға міндетті екенін мәлімдеді. Сот Мұрат Адамның әрекеттерін заңмен көзделген тәртіпте лицензиядан айыруға жеткілікті негіз деп таныды.

Сонымен қатар, бұл іс қоғамда кең талқыланып, Мұрат Адамның өмірбаянына қатысты бірқатар деректер де назарға ілікті. Журналистік зерттеулерге сәйкес, ол 2007 жылы жала жабу және қорлау дерегі бойынша сотталған, кейін фамилиясын өзгертіп, 2012–2018 жылдары Қостанай қалалық сотының судьясы қызметін атқарған. Кейін бұл деректер анықталған соң, судьялық қызметтен босатылған.

Сот шешімі адвокаттық қызметте кәсіби стандарттар мен жауапкершіліктің маңызын тағы бір мәрте көрсетті.