Павлодар облысындағы спорт нысандарында заңбұзушылықтар анықталды
Павлодар облысының прокуратурасы өңірдегі спорт нысандарына жүргізілген тексеріс барысында бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды KazFace.kz.
Бұл туралы Pavlodar-online порталы хабарлады. Қадағалау органы стадиондар, бассейндер, спорт мектептері, мұз айдындары мен футбол манеждерінің қызметін тексерген. Нәтижесінде кейбір спорт нысандары бірнеше жыл бойы тегін пайдаланылғаны, ал коммуналдық шығындар бюджет есебінен төленгені белгілі болды. Атап айтқанда, Павлодар қаласындағы хоккей корты үш жыл бойы ақысыз қолданылып, шығындары мемлекет қаржысы есебінен өтелген.
Сондай-ақ спорт мектептерінде 10 миллион теңгеге жуық қаржылық заңбұзушылық тіркелген. Прокуратура мәліметінше, аудандардың бірінде бухгалтер үш жыл ішінде өзіне заңсыз түрде шамамен 6 миллион теңге аударған. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабының 3-бөлігі («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу») бойынша іс сотта қаралып жатыр.
Тексеру барысында кейбір спорт ұйымдарында жалған дипломы бар жаттықтырушылардың, сондай-ақ бұрын денсаулық пен қоғамдық моральға қарсы қылмыстар үшін жауапқа тартылған адамдардың жұмыс істегені анықталған. Бұдан бөлек, спортшыларды орналастыру бойынша жоқ қонақүйлермен жалған келісімшарттар жасалып, соның салдарынан 2,8 миллион теңге көлемінде залал келген.
Прокуратура өңірдегі спорт нысандарының басым бөлігі тозған жағдайда екенін де атап өтті. Олардың қатарында қираған трибуналар, шатырлардың ағуы, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жағдайдың болмауы, санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы бар.
Қадағалау органы барлық анықталған заңбұзушылықтар бойынша тиісті ықпал ету актілері енгізіліп, кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту шаралары қабылданатынын хабарлады.