Жұлдыздар өмірі

Құрманғазыны «гоп-стопщикке» теңеген Қайрат Әділгерей баба рухынан кешірім сұрады

Құрманғазыны «гоп-стопщикке» теңеген Қайрат Әділгерей баба рухынан кешірім сұрады

Жұлдыз ОРАЗХАН

Белгілі актер әрі әзілкеш Қайрат Әділгерей подкастта Құрманғазы Сағырбайұлын «гоп-стопщикке» теңеп, қоғам сынына қалды, деп хабарлайды KazFace.kz.

“Esquire otyrys” подкастының барысында ол күйшіні «байлардан тартып алып, кедейлерге берген» адам ретінде сипаттап, тіпті осы қырынан фильм түсіру туралы ойын айтқан. Бұл сөздер әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көпшілік тарапынан тарихи тұлғаның бейнесін бұрмалау ретінде қабылданды.

Осыдан кейін өздерін Құрманғазының ұрпағымыз деп таныстырған Қызылғұрт руының ақсақалдары бейнеүндеу жасады: 

«Қайрат Әділгерей эфир барысында Құрманғазы Сағырбайұлын негізгі кәсібі ұрлық, қарақшылық, ал күй тартуды тек хобби ретінде пайдаланған адам ретінде көрсетеді. Бұл тұжырымдар тарихшылардың немесе күйшінің өмір жолын көрсеткен ғалымдардың еңбектеріне мүлдем қайшы келеді», - деп атап өтті ақсақалдар.

Олар мұндай пікірді баба рухына құрметсіздік деп бағалап, қажет болған жағдайда құқықтық шара қолданатынын мәлімдеді.

Желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деп, сөздің жауапкершілігін еске салып, қатаң шара қолдануды талап етті. Кейбірі бұл жағдай арқылы халық Құрманғазының зиратына назар аударып, тарихи тұлға жайлы көбірек ақпарат алғанын жазды.

Даудың ушығуынан кейін Қайрат Әділгерей әлеуметтік желіде кешірім сұрап, сөзінің орынсыз екенін мойындады. Ол арнайы барып күйшінің басына құран бағыштап, құрбандық шалғанын жеткізді және ешкімнің рухын қорлауды мақсат етпегенін айтып, халық пен Құрманғазының ұрпақтарынан кешірім сұрады.