Қазақстанда ҰБТ өткізу ережесіне өзгерістер енгізілді
Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) өткізу қағидаларына өзгерістер енгізілді. Тиісті бұйрыққа Саясат Нұрбек басқаратын Қазақстан Республикасы ғылым және жоғары білім министрлігі қол қойды, деп хабарлайды KazFace.kz.
Жаңартылған ережеге сәйкес, талапкерлер ҰБТ-ны Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы және екі бейіндік пән бойынша тапсырады. Ал шығармашылық бағыттағы білім беру бағдарламаларына түсетіндер үшін бұл талап қолданылмайды.
Сонымен қатар тестілеуге тіркеліп, бірақ дәлелді себептермен қатыса алмаған талапкерлерге ҰБТ-ны басқа күндері тапсыруға мүмкіндік беріледі. Мұндай себептерге ауру, жақын туысының қайтыс болуы, халықаралық немесе республикалық олимпиадалар мен жарыстарға қатысу, сондай-ақ төтенше жағдайлар жатады.
Ережеге сәйкес, ҰБТ-ға қатысуға өтініштер онлайн түрде бірнеше кезеңде қабылданады: 20–30 желтоқсан, 15–25 ақпан, 10–25 сәуір және 25 шілде – 5 тамыз аралығында.
Сондай-ақ тестілеу аяқталғаннан кейін талапкерге нәтижелермен танысуға 10 минут уақыт беріледі. Егер сұрақтарға қатысты келіспеушілік болса, осы уақыт ішінде апелляция беруге болады. Апелляция нәтижелері 30 жұмыс күні ішінде жарияланады.