Экс-ректордың отбасы ҚазҰПУ ғимараттарын заңсыз жалға берген
Алматы қаласының прокуратурасы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бірқатар ғимараттарын мемлекет меншігіне қайтарды, деп хабарлайды KazFace.kz.
Тексеру барысында университеттің бұрынғы ректоры Токмұхамед Садықовқа аффилирленген тұлғаларға тиесілі нысандар ұзақ жылдар бойы заңсыз пайдаланылғаны анықталды.
Прокуратура дерегінше, 2003 жылы ректор оқу орнының №4 спорт корпусын (жалпы аумағы шамамен 1400 шаршы метр) ешқандай конкурссыз әрі бағалаусыз аффилирленген компанияға төмен бағада сатып жіберген. Ол кезде ғимарат небәрі 5 миллион теңгеден сәл асатын сомаға сатылған. Ал қазіргі бағалау бойынша оның құны 135 миллион теңгеге жеткен.
Ең сорақысы — жеке меншікке өткен спорт корпусы кейін университеттің өзіне жалға берілген. Соның нәтижесінде ҚазҰПУ жеке компанияға өз ғимараты үшін шамамен 78 миллион теңгеге жуық қаржы төлеген.
Сонымен қатар прокуратура студенттер жатақханасының жанында орналасқан, аумағы 208,8 шаршы метр болатын павильонды да мемлекетке қайтарды. Бұл нысан да 1990-жылдары экс-ректордың туыстарына арзан бағамен сатылып, кейін бірнеше рет формалды түрде қайта рәсімделген. Қазіргі таңда оның нарықтық құны 140 миллион теңгеге бағаланып отыр. Қазір бұл жерде тәулік бойы алкоголь өнімдерін сататын нысан жұмыс істеген.
Сот барлық мәмілелерді заңсыз деп танып, мүліктерді университет пен мемлекет меншігіне қайтарды. Прокуратура бұл шешімдер мемлекет мүддесін қорғау және заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі Президент тапсырмасының аясында қабылданғанын атап өтті.