Синтетика дәуірі: жастар неге тәуекелге барады және профилактика қайда ақсап тұр?
Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Қазір есірткі бұрынғыдай жасырын қауіп емес — ол смартфон экранында, әлеуметтік желілерде, тіпті «оңай табыс» деген желеумен жастардың өзіне ұсынылып отыр. Синтетикалық заттардың кең таралуы мен қолдану жасының төмендеуі қоғамды алаңдатпай қоймайды. Осындай күрделі кезеңде профилактика қаншалықты тиімді? Бұл бағытта нақты не өзгеруі керек?
KazFace.kz тілшісі осы сауалдар төңірегінде esirtkisiz.aqmola өңірлік фронт-офисінің жетекшісі, Esbol Qory ұйымының өкілі Жағупар Даниалмен тілдесіп, бүгінгі жағдайға тереңірек үңілді.
Даниалдың айтуынша, соңғы жылдары өңірдегі есірткі тұтыну жағдайы айтарлықтай өзгерген. Оның сөзінше, бұрын кең таралған классикалық есірткі түрлерінің орнын бүгінде синтетикалық заттар басып келеді. Бұл – ең қауіпті үрдістердің бірі. Себебі синтетикалық есірткілер адамның ағзасына өте ауыр әсер етіп қана қоймай, тәуелділікті әлдеқайда жылдам қалыптастырады.
“Есірткі қолданушылардың жасы жасарып барады. Бүгінде бұл қауіп мектеп оқушыларына дейін жеткен. Егер бұрын есірткі жарнамасы қала қабырғаларындағы граффити арқылы таралса, қазір ол толықтай интернетке көшкен”, - дейді ол.
Сондай ақ Даниал қазіргі профилактика тәсілдері де заманға сай өзгеруі тиіс екеніне сенімді. Ол жастармен жұмыс істеуде ең тиімді әдіс – «тең деңгейде қарым-қатынас орнату» екенін айтады. Яғни, жастармен жастар сөйлескенде ғана шынайы түсіністік қалыптасады.
“Құр лекция немесе қорқыту арқылы нәтиже шығару мүмкін емес. Жастар дайын ақпаратты қабылдай салмайды. Оларға диалог қажет интерактив форматтағы кездесулер, өмірден алынған нақты мысалдар әлдеқайда әсерлі” , – дейді ол.
Жастар арасында есірткіге қатысты мифтердің де әлі күнге дейін кең таралғаны жағдайды күрделендіре түседі. Даниалдың айтуынша, ең жиі кездесетін қате түсінік – «бір рет қолданудан ештеңе болмайды» деген ой.
Сонымен қатар, «синтетикалық заттар қауіпсіз» немесе «бәрі қолданып жүр» деген пікірлер де жастарды тәуекелге итермелейді.
Ол мұндай мифтер жастардың өз денсаулығына салғырт қарауына әкелетінін атап өтті.
“Бүгінде есірткінің таралуында интернеттің рөлі ерекше. Telegram және Instagram платформалары арқылы есірткіні сату кеңінен жолға қойылған. «Закладка» жүйесі – соның айқын дәлелі”, - дейді Даниял.
Осы бағытта Esbol Qory ұйымы MERGEN жобасын жүзеге асырып келеді. Бұл жоба күмәнді интернет-ресурстарды анықтап, оларды бұғаттауға бағытталған. Қазіргі таңда республика бойынша 5000-нан астам наркоканал жабылған.
Алайда ол бұл күрестің оңай емес екенін жасырмайды:
“Бір арнаны жапқанымызбен, оның орнына бірнеше жаңа арна пайда болады. Бұл – үздіксіз процесс. Профилактиканың тиімді болуы үшін тек ақпарат беру жеткіліксіз. Біз жастармен жұмыс істеуде жаңа тәсілдерді қолданамыз. Тренингтер, интерактивті ойындар, командалық жұмыстар – барлығы жастардың қызығушылығын арттыруға бағытталған”, - дейді ол.
Даниял әсіресе мораль оқудан бас тарту маңызды екенін атап өтті.
«Біздің мақсат – жастарды кінәлау емес, керісінше, олардың өз таңдауы үшін жауапкершілік сезімін қалыптастыру», – дейді ол.
Профилактиканың нақты нәтижесі де бар көрінеді. Кездесулерге қатысқан жастардың бірі кейін күмәнді жұмыс ұсынысына тап болған. Алғашында қарапайым қызмет сияқты көрінген бұл ұсыныс шын мәнінде есірткі таратуға байланысты болған.
«Ол бірден бас тартып, бізге хабарлады. Бұл – дұрыс ақпараттың адамды қауіпті жағдайдан сақтап қалғанының дәлелі», – дейді маман.
Есірткіге қарсы күресте әртүрлі құрылымдардың өзара әрекеттестігі де маңызды рөл атқарады. Даниалдың сөзінше, бүгінде мемлекет, үкіметтік емес ұйымдар және волонтерлер арасында тиімді байланыс қалыптасқан.
Мемлекет құқықтық негізді қамтамасыз етсе, ҮЕҰ профилактиканы икемді форматта жүргізеді, ал волонтерлер жастармен тікелей жұмыс істейді. Бұл синергия нақты нәтиже беріп отыр.
Дегенмен, мәселенің тағы бір маңызды қыры – ата-аналардың рөлі. Даниалдың айтуынша, көп жағдайда ата-аналар балаларымен ашық сөйлесе алмайды. Кейбірі бақылаумен ғана шектелсе, енді бірі «менің балам ондай емес» деген қате сенімде болады.
Сонымен қатар, қоғамдағы «ұят» түсінігі де кедергі келтіреді. Оның сөзінше, күрделі тақырыптар ашық талқыланбағандықтан, жастар қиын жағдайда көмек сұрауға ұялады.
«Ата-аналар үшін ең маңыздысы – сенім мен ашық диалог. Жалпы алғанда қазіргі профилактика жүйесіндегі басты мәселе ресурста емес, тәсілде. Бүгінгі жұмыстар көбіне ақпарат жеткізумен шектеледі. Ал жастардың ойлау жүйесіне әсер ету жағы жеткіліксіз”, - дейді ол.
Оның сөзінше, профилактика бір реттік шара емес, бұл – үздіксіз процесс. Ол білім беру, психологиялық қолдау және өмірлік дағдыларды дамыту арқылы жүзеге асуы тиіс.
Сөз соңында маман бұл күрестің тек есірткімен емес, тұтас ұрпақтың болашағымен байланысты екенін атап өтті.
«Бұл – жастардың өмірге деген көзқарасын, құндылықтарын қалыптастыру мәселесі», – деп түйіндеді ойын.