Билік

Депутат тарихи сабақтастықты Конституцияда бекітуді ұсынды

Депутат тарихи сабақтастықты Конституцияда бекітуді ұсынды

Депутат Еркін Әбіл жаңа Конституция жобасында тарихи сабақтастық ұстанымын заңдық деңгейде бекітуді ұсынды. Оның айтуынша, бұл қадам ұлттық жадты сақтауға, мемлекеттің тарихи тамырын айқындауға және қоғамды ортақ құндылықтар негізінде біріктіруге бағытталған, деп хабарлайды KazFace.kz.

Оның пікірінше, жаңа Конституцияда «Ұлы дала» ұғымының енгізілуі Қазақстан мемлекеттілігінің тарихи кеңістігін, мәдени кодын және жауапкершілік философиясын айқындайды. Бұл ұғым эмоциялық не поэтикалық сипаттан гөрі, елдің өткенін, бүгінін және болашағын жалғайтын нақты құқықтық мәнге ие.

Депутат сондай-ақ мемлекеттің унитарлы сипатының айқындалуына назар аударды. Жаңа редакцияда Қазақстанның унитарлы мемлекет екені және президенттік басқару үлгісі нақты көрсетілген. Бұл, оның айтуынша, аумақтық тұтастықты, құқықтық кеңістіктің бірлігін және басқару жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар Конституцияда «мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі – Қазақстан халқы» деген норма нақтыланған. Еркін Әбіл бұл халықтың биліктің нақты субъектісі ретіндегі мәртебесін күшейтетінін атап өтті. Мұндай тәсіл биліктің заңдылығын арттырып, мемлекеттің тұтастығын нығайтады.

Оның сөзінше, тарихи сабақтастық, «Ұлы дала» ұғымы, унитарлы мемлекет қағидаты және халықтың егемендік иесі ретіндегі мәртебесі – жаңа Конституцияның өзара тығыз байланысты негізгі тіректері. Бұл нормалар елдің құқықтық, тарихи және мәдени негізін бекітіп, тұрақтылық пен бірліктің кепілі болмақ.

Депутаттың айтуынша, ұсынылып отырған реформалардың басты мақсаты – мемлекеттің өміршеңдігін арттыру. Жаңа Конституция тек құқықтық құжат қана емес, сонымен қатар қоғамдағы келісім мен сенімді нығайтатын маңызды негізге айналуы тиіс.