Қоғам

Экс-әкім Жақсылық Омар сотта кінәсін толық мойындады

Экс-әкім Жақсылық Омар сотта кінәсін толық мойындады

Жұлдыз ОРАЗХАН

Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Жақсылық Омарға қатысты іс қаралып, сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындады деп хабарлайды KazFace.kz.

Іс материалдарына сәйкес, ол ірі көлемдегі алаяқтық және пара алу фактілері бойынша айыпталып отыр.

Сот барысында қорғаушылар жазаны бас бостандығынан айырумен байланысты емес түрге ауыстыруды сұрады. Сондай-ақ олар айыпталушының туыстары айыппұл төлеу үшін қажетті қаражатты жинағанын мәлімдеді. 

Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктіге делдал тұлға арқылы 6 миллион теңге көлемінде қаражат берілген. Кейін жүргізілген тінту барысында оның тұрғылықты жерінен және жұмыс орнынан 5,6 миллион теңге табылған.

Қылмыстық іс қысқартылған тәртіппен қаралуда, себебі айыпталушы өз кінәсін мойындаған. Келесі сот отырысы 26 наурызға белгіленген.

Жақсылық Омар – бұрын Өскемен қаласының әкімі қызметін атқарған, кейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған.