Павлодарлық бақылаушылар референдум барысын қадағалауда
Павлодар облысында республикалық референдум барысында қоғамдық байқаушылар дауыс беру үдерісін бақылауды жалғастырып жатыр. Бұл туралы «Дауыс» коалициясының өңірлік филиалының жетекшісі Алма Қозбаева айтты, деп хабарлайды KazFace.kz «pavlodarnews.kz» сілтеме жасап.
Оның сөзінше, референдум күніне дейін барлық бақылаушылар арнайы дайындықтан өтіп, өз міндеттерінің маңыздылығын толық түсінген.
Біз үшін ең бастысы – дауыс беру процесінің адал әрі ашық өтуі. Өйткені бүгін халқымыздың тағдырына қатысты маңызды шешім қабылдануда. Дауыс беру күніне дейін бақылаушыларымызды дайындап, оқыттық. Сонымен қатар сайлау учаскелеріне мониторинг жүргізіп, олардың жалпы дайындығын және мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімділігін тексердік, – деді Алма Қозбаева.
Оның айтуынша, референдум учаскелерінде тұрғындардың белсенділігі байқалады. Байқаушылар дауыс берушілердің жоғары қатысуын және азаматтардың көтеріңкі көңіл-күйін тіркеп отыр.
Қазіргі уақытта бақылаушылар өз жұмыстарын жалғастырып, дауыс беру барысын қадағалауда.