Қоғам

Қазақстанда ЖИ-контент үшін ірі айыппұлдар енгізіледі

Қазақстанда ЖИ-контент үшін ірі айыппұлдар енгізіледі

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

2026 жылғы 16 қаңтардан бастап Қазақстанда жасанды интеллект туралы заң күшіне енеді. Бұл туралы KazFace.kz хабарлайды.

Заңға сәйкес, жасанды интеллект көмегімен жасалған немесе өзгертілген сурет, видео, аудио және мәтіндер міндетті түрде «ЖИ арқылы жасалған» деген айқын маркировкамен жариялануы тиіс. Аталған талап орындалмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

ЖИ-маркировкасыз контент таратқандарға салынатын айыппұл мөлшері:

  • жеке тұлғаларға – 15 АЕК,
  • шағын бизнес пен үкіметтік емес ұйымдарға – 20 АЕК,
  • орта бизнеске – 30 АЕК,
  • ірі бизнеске – 100 АЕК.

Қайталанған құқықбұзушылық жағдайында айыппұл көлемі екі есеге дейін өсіп, кейбір жағдайларда жасанды интеллект жүйесінің жұмысы уақытша тоқтатылуы немесе толықтай тыйым салынуы мүмкін.

Цифрлық даму және жасанды интеллект министрлігінің мәліметінше, жауапкершілік негізінен ЖИ-жүйелерінің иелеріне жүктеледі. Қазіргі таңда көптеген танымал нейрожелілер контентке автоматты түрде маркировка енгізіп жатыр.

Мамандардың айтуынша, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде түрлі форматтағы видеолардың қарқынды таралуына байланысты шынайы  және жасанды интеллект арқылы жасалған контентті ажырату қиындай түсті. Әсіресе дипфейк технологиялары кеңінен қолданылып, қоғам үшін елеулі қауіп төндіруде.

Осыған байланысты жаңа заң азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Себебі алаяқтар жасанды интеллект мүмкіндіктерін өз пайдасына асырып, кез келген адамның бейнесін немесе дауысын пайдаланып, жалған ақпарат таратуы, алдау әрекеттерін жасауы мүмкін.