Қазақстандық шенеуніктер «Эпштейн тізімінде» бар ма?
Мәжіліс депутаты Асхат Рахымжанов қазақстандық бірқатар лауазымды тұлғалардың аты-жөні «Эпштейн тізімі» деп аталатын материалдарда аталды деген ақпаратқа байланысты ресми сауал жолдады, деп хабарлайды KazFace.kz.
Ол тексеріс жүргізуді талап етіп, өтінішін Қазақстанның бас прокуроры мен ҰҚК төрағасына бағыттаған.
Депутаттың айтуынша, жарияланған құжаттар мен ашық дереккөздерде елдің жоғары басшылығында болған, бұған дейін маңызды мемлекеттік қызметтер атқарған тұлғалардың есімдері кездеседі. Осыған байланысты ол құзырлы органдардан аталған мәліметтердің рас-өтірігін анықтауды сұрады.
Сауалда «Эпштейн ісіне» байланысты аты аталған адамдардың Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне ықтимал әсері де ескерілуі тиіс екені көрсетілген. Әңгіме америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейн туралы болып отыр.
Құжатта бұрынғы премьер-министр, ҰҚК-нің экс-төрағасы Карим Масимовтің есімі жеке аталған. Тараған ақпараттарға сәйкес, ол Эпштейнмен жеке таныс болған деген болжам бар.
Асхат Рахымжанов құзырлы органдарды:
- Эпштейннің қазақстандық элита өкілдерімен ықтимал байланыстарын тексеруге;
- ұлттық қауіпсіздікке төнуі мүмкін қатерлерді бағалауға;
- тексеріс нәтижелері туралы парламент пен қоғамды хабардар етуге шақырды.
Қазіргі уақытта ресми органдар тарапынан нақты қорытынды жарияланған жоқ. Мәселенің мән-жайы алдағы уақытта белгілі болады.