Стамбулда Қазақстан азаматы оққа ұшты
Түркияның Стамбул қаласында Қазақстан азаматы Ариф Исмаилов қаза тапты. Ол жеке логистикалық компанияда курьер болып жұмыс істеген, деп хабарлайды KazFace.kz.
Оқиға Фатих ауданындағы Балабанага кварталында, Зейнеп Камиль көшесінде болған. Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, белгісіз адам ер адамға жақындап, оның басынан оқ атқан. Күдікті оқиға орнынан бірден қашып кеткен. Ал ауыр жарақат алған қазақстандық сол жерде көз жұмды. Қанды оқиға бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
Кейінірек күдікті екі адам елден қашпақ болған кезде ұсталды. Операция Эдирне провинциясында, шекара маңында жүргізілген. Полицияның хабарлауынша, күдіктілер шекараға көлікпен жеткенімен, тексеру барысында көлік ішінде болмаған. Осыдан кейін жандармерия дрон көмегімен оларды іздеп тауып, жаяу қашып бара жатқан жерінен қолға түсірген. Ұсталғандар — Грузия азаматтары.
Күдіктілер медициналық тексерістен кейін Стамбұл полициясына тапсырылды. Сонымен қатар, осы іске қатысы бар болуы мүмкін көлік жүргізушісіне қатысты да тергеу басталды. Оған адам саудасы мен заңсыз көші-қонды ұйымдастыру баптары бойынша айып тағылып отыр.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында тергеу жалғасуда.