Қоғам

Алатау ауылында «Мөлдір бұлақ» акциясы өтті

Алатау ауылында «Мөлдір бұлақ» акциясы өтті

Жамбыл облысы Жуалы ауданына қарасты Алатау ауылында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Ауыл ақсақалдарының бастамасымен өткен іс-шараға жергілікті тұрғындар мен жастар белсенді қатысып, Шоңқара бұлағының көзін ашып, айналасын қоқыстан тазалап, абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

Қатысушылар бұл бастаманың негізгі мақсаты – табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру және су көздерін ластанудан сақтау екенін атап өтті. Олардың айтуынша, мұндай акциялар жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

Айта кетейік, Шоңқара бұлағы ауыл тұрғындары үшін маңызды су көзі болып табылады. Ол егістік алқаптарын суаруға және тұрмыстық қажеттіліктерге кеңінен пайдаланылады.

Еске салайық, «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы cу ресурстары және ирригация министрлігі тарапынан Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы аясында ұйымдастырылуда.