Авторлар блогы

Неге фельдшер адам емдемей, пәтер сатып жүр?

Неге фельдшер адам емдемей, пәтер сатып жүр?

Гүлбану АБЕНОВА

Кейде Астана қаласындағы жылжымайтын мүлік нарығына қарап отырып, риэлторлар пәтерден де көп сияқты көрінеді.

Жаңа үйлер көп, мәміле көп, бірақ кейде шегінен шығып кетеді: бір пәтерді көруге екі жақтан бес-бестен риэлтор келеді. Тұрып алып қарайды, бағалайды… Шынын айтсам, бұл пәтер көрсету емес, олжа бөлісіп тұрғандай әсер қалдырады. Біртүрлі көрініс.

Ең қызығы олар кімдер? Жап-жас жігіттер, 22–25 жаста, немесе күш-қуаты тасып тұрған орта жастағы азаматтар. Сонда еріксіз сұрақ туындайды: неге олар өз мамандығымен жұмыс істемейді?

Бүгін сондай жағдай болды. Үш риэлтор келді. Соның біреуі бірден көзге түсті - сабырлы, ұстамды, асықпайды. Қысым жасамайды, бәрін түсінікті әрі құрметпен түсіндіреді. Ең бастысы - анама деген қарым-қатынасы ерекше болды: баспалдақтан түсіп-шығуына көмектесті, жанында жүрді, өз адамы сияқты қарады. Еш жасандылық жоқ, таза адамгершілік.

Сол үшін бірден сенімге кірді. Мен одан сұрадым: қайда оқыдың, бұрын немен айналыстың?

Жасы 22-де. 4 жыл фельдшерге оқыған, 3 жыл жұмыс істеген. Жалақысы шамамен 200 мың теңге. Ата-анасымен тұрған, жеке өмір бастауға мүмкіндік болмаған. Көлік те, баспана да қолжетімсіз. Үйлену туралы ойлау да қиын.

Қалыңдығы бар екен, жақында үйленем дейді. Ата-анасы екі бөлмелі пәтерде тұрады, іні-қарындастары бар. «Біз бөлек тұрамыз, пәтер жалдаймыз, бірақ өз пәтерімізді алуға тырысып жатырмыз», — дейді. Қалыңдығы интерьер дизайнері, ЕҰУ-ды бітірген.

Фельдшер қазір риэлтор. Айлығы 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін. Желтоқсанда 1,5 миллион тапқанын айтты.

Сол сәтте екі түрлі сезім пайда болады. Бір жағынан қуанасың. Ақылды, тәрбиелі, жүрегі бар жігіт. Екінші жағынан - медицина бір жақсы маманынан айырылғанын түсінесің.

Қасында стажёр жүр. Ол да жас жігіт. Колледжде аспаз мамандығын бітірген. Кейін кафе, мейрамханаларда аспаз, даяшы, көмекші болып жұмыс істеген. Жалақы аз. Отбасы көпбалалы - бес баланың үлкені. Ашық айтады: қазір үйлену емес, алдымен інілерін-қарындастарын аяққа тұрғызу керек.

Сондықтан ол да риэлтор болуға келген.

Ал үшінші жігіт - бұл саланың «тәжірибелісі». Жасы 25–27 шамасында. 5 жылдан бері риэлтор. Осы уақыт ішінде 3 пәтер алған. Жүйесі қарапайым: арзанға алады, жөндейді, сатады, қайта инвестиция жасайды. Айтуынша, жылжымайтын мүлік арқылы ақша табуға болады, тек тынымсыз қозғалу керек. Өзі балалар үйінде өскен.

Мен олардан сұрадым: мемлекет сіздерді оқытты, білім алдыңыздар - неге мамандықтарыңызбен жұмыс істемейсіздер?

Жауап қарапайым, бірақ ащы болды: олар өз ақшасына оқыған. Аспаз жылына шамамен 140 мың теңге төлеген, ал фельдшер - жылына 450 мың теңге. Сонымен қатар оқу кезінде жұмыс істеп, оқу ақыларын өздері төлеген.

Сол фельдшер жігіттің сөзі ерекше әсер етті:

«Маған медицина ұнайды. Жұмыс істегім келеді. Бірақ 180–200 мың теңгеге өмір сүру мүмкін емес. 20 жыл жұмыс істегендерді көрдім - жалақы айырмашылығы аз. Болашақ жоқ».

Міне, мәселе осында.

Бұл риэлторлар туралы әңгіме емес.

Бұл таңдау жоқ таңдау туралы.

Не өз мамандығыңмен қалып, күн көруге қиналасың, не табыс бар жерге барып, арманыңды артта қалдырасың.

Осындай айырмашылық бар кезде, фельдшер, аспаз сияқты мамандардың орнына нарықты делдалдар толтыруы — заңдылық.

Өйткені адамдар мамандығын тастап жатқан жоқ. Олар күнкөріс амалын іздеп жүр.