Билік

V Ұлттық құрылтайда Арал мәселесі көтерілді

V Ұлттық құрылтайда Арал мәселесі көтерілді

Жұлдыз ОРАЗХАН

V Ұлттық құрылтай барысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыр өңірінің тарихи маңызына тоқталып, Арал теңізін сақтау мәселесін көтерді, деп хабарлайды KazFace.kz.

Мемлекет басшысы Аралды құтқару бүкіл адамзат үшін әлі де өзекті мәселе екенін атап өтті. Бұл тақырып президенттің халыққа жолдауында да көтерілген. Жылдар бойы жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесінде Солтүстік Аралды сақтап қалу мүмкін болған. Қашқан теңіз қайта оралып, Кіші Аралдың қалпына келе бастағанына бірнеше жыл болған.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазіргі таңда Көкарал бөгетін биіктету шаралары қолға алынып жатыр. Жобаны іске асыру осы жылдың соңына жоспарланған. Бұл Кіші Аралдағы су көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Президент Арал мәселесінің тек Қазақстанға ғана байланысты еместігін атап өтті. Себебі еліміздегі ірі өзендердің басым бөлігі көршілес мемлекеттерден бастау алады. Дарияның басындағы елдердің су саясатына байланысты Сырдария суының теңізге жету көлемі әртүрлі болып отыр.

Осыған байланысты мемлекет басшысы су ресурстары саласындағы мәселелерді шешуде тиімді дипломатияның маңызы зор екенін айтты. Қазіргі таңда Орталық Азия елдерімен су ресурстарын бірлесіп пайдалану жөнінде келісімдер жасалған.

«Түптеп келгенде, Арал ғана емес, Каспийдің, Балқаштың, Ертістің тағдырын шешу үшін көршілермен мәмілеге келіп, нақты келісімдерге қол қоюымыз қажет», – деп түйіндеді мемлекет басшысы.