Спорт әлемі

Михаил Шайдоров Олимпиада чемпионы атанды

Михаил Шайдоров Олимпиада чемпионы атанды

Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров алтын медаль жеңіп алып, ел тарихында жаңа белеске көтерілді, деп хабарлайды KazFace.kz.

Жарыстың қысқа бағдарламасынан кейін ол бесінші орында тұрған еді. Медаль алу үшін қарсыластарынан 9,6 ұпай айырмасын қысқарту қажет болды. Еркін бағдарламада Шайдоров төрттік лутц элементінде аздаған қателік жібергенімен, жалпы прокатын жоғары деңгейде орындап, төрешілерден шешуші ұпай жинады.

«Мен бұл Олимпиадаға бес жыл бойы дайындалдым. Бұл медальді бүкіл қазақстандықтарға арнаймын», - деді чемпион.

Сондай-ақ мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровты II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады. Бұл марапат спортшының ел абыройын асқақтатқан зор еңбегінің айқын дәлелі болды.

Шайдоровтың алтыны  Қазақстан үшін 2026 жылғы Қысқы Олимпиададағы алғашқы жүлде. Бұған дейін мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада медалін ел қоржынына тек Денис Тен салған болатын  ол 2014 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарында қола жүлдегер атанған еді.

Айта кетейік, Олимпиадада Қазақстан атынан тағы бір спортшы Софья Самоделкина өнер көрсетеді.