Қазақстан Халық партиясы жаңа Конституция жобасын қолдайды
Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы «Жаңа Конституция: Қазақстанның бүгіні мен болашағының жаңа бейнесі» тақырыбында кеңейтілген отырыс өткізді. Жиынға сенат пен мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері және сараптамалық қауымдастық қатысты, деп хабарлайды KazFace.kz.
Отырысты ҚХП Парламенттік фракциясының жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов ашып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары елді жаңа Конституция жобасын әзірлеуге кезең-кезеңімен алып келгенін атап өтті. Оның айтуынша, құжат мемлекеттік саясаттың жаңа бағытын айқындайды және билік жүйесінің жаңартылған архитектурасын қалыптастырады.
Жаңа Конституция жобасында бір палаталы Құрылтай құру, халық кеңесі атты жоғары консультативтік орган енгізу, сондай-ақ вице-президент институтын қалыптастыру көзделген.
Отырыс барысында спикерлер Конституция жобасының адамға бағдарланған сипатына ерекше тоқталды. Құжатта өмір сүру құқығын абсолюттендіру, жеке тұлғаның қол сұғылмаушылығы, цифрлық деректердің қорғалуы, сондай-ақ еңбек ету құқығын қоса алғанда, азаматтардың әлеуметтік құқықтарын күшейту қарастырылған.
ҚХП депутаты Ирина Смирнова экономиканың адамға қызмет етуі негізгі қағида болуы тиіс екенін атап өтті. Ал ҚР әділет вице-министрі Лаура Мерсалимова жаңа Конституция жобасы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтуге бағытталғанын жеткізді.
Сондай-ақ жиында сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев, мәжіліс депутаты Марат Башимов, Астана халықаралық университетінің профессоры Исидор Борчашвили және ҚР заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Индира Әубәкірова баяндама жасады.
Жиынды қорытындылаған Магеррам Магеррамов жаңа Конституция жобасына қоғам тарапынан жоғары қызығушылық болғанын атап өтті. Оның айтуынша, құжат «әділетті Қазақстан» қағидаттарына сай әзірленген.
Жаңа Конституция жобасы бойынша жұмыс алдағы уақытта да жалғасады.