Қоғам

Алматыда Боқаев ісі бойынша баспасөз жиыны өтті

Алматыда Боқаев ісі бойынша баспасөз жиыны өтті

Алматыда саясаткер Санжар Боқаев ісіне қатысты ашық сот өткізуді талап еткен оның жақтастары баспасөз жиынын өткізді, деп хабарлайды KazFace.kz.

Белсенділер Боқаевқа тағылған аса ірі көлемдегі қаржы жымқыру, жалған ақпарат тарату және Баум тоғайында ағаштарды заңсыз кесуді ұйымдастыру айыптарымен келіспейтіндерін айтып, істің саяси астары бар деп санайтынын жеткізді.

Экобелсенділердің айтуынша, олар Баум тоғайына тұрғындардың шағымы бойынша өз еркімен барған және ағаш кесуді Боқаев ұйымдастырмаған. Сонымен қатар, ағаштарды кескен адамдарға қатысты сот үкімінде Боқаевтың аты аталмайтыны айтылды.

Алайда баспасөз жиынында Боқаевтың қаржылық жағдайына қатысты сұрақтар жауапсыз қалды. Жақтастары оның қымбат көліктер мен жылжымайтын мүлікті қандай қаражатқа сатып алғанын нақты түсіндіре алмады. Деректерге сәйкес, ол АҚШ-қа шамамен 500 мың доллар шығарған.

Еске сала кетейік, 18 наурызда Бас прокуратура Боқаевтың ұсталғанын хабарлаған болатын. Тергеу мәліметінше, ол ағаштарды заңсыз кесуді ұйымдастырып, қаржыландырды деген күдікке ілінген. Қазір ол тергеу изоляторында қамауда.