Әлеуметтік көмекке өтініш беру тәртібі жеңілдетілді
Жұлдыз ОРАЗХАН
Қазақстанда табысы төмен және әлеуметтік қиын жағдайға тап болғандар үшін eGov Mobile қосымшасы арқылы өтініш беру мүмкіндігі іске қосылды, деп хабарлайды KazFace.kz.
Бұған дейін әлеуметтік көмекке өтініш беру тек egov.kz интернет-порталы арқылы мүмкін болатын. Қазір бұл функция смартфон қолданушыларына да қолжетімді болды. 
Қалай өтініш беруге болады?
Әлеуметтік көмек алу үшін келесі қадамдарды орындау жеткілікті: 
1. eGov Mobile қосымшасына авторизациядан өту.
2. “eGov мемлекеттік қызметтер” → “Арнайы қызметтер” бөлімін таңдау.
3. “Мәслихаттардың шешімдері бойынша әлеуметтік көмекті тағайындау” қызметін таңдап, қажетті мәліметтерді толтыру.
4. Қызметті қолжетімді қолтаңба әдісімен (э-қолтаңба, басқа қолтаңба тәсілдері) рәсімдеу.
5. Өтінішіңіздің өңделуі туралы хабарламаны “Қызмет тарихы” бөлімінен қарау. 
Бұл жаңашылдық өтініш беруді барынша автоматтандырып, деректердің бір бөлігін мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде жүктеуге мүмкіндік береді. Бұл рәсімді әлдеқайда жеңілдетеді және қателік мүмкіндігін азайтады. 
Өтініш берілгеннен кейін құзырлы орган өтінішті қарастырады және шешім қабылдайды. Әлеуметтік көмекті тағайындаудың негізгі критерийлерінің бірі — өтініш берушінің отбасының табыс деңгейі мен басқа да әлеуметтік жағдай көрсеткіштері.