Магеррам Магеррамов: Қазақстан Халық партиясы жаңа Конституция жобасын қолдайды
Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаты, Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның 12-отырысында жаңа Конституция жобасына қолдау білдірді.
Оның айтуынша, құжатта мемлекеттік дамудың іргелі бағыты ретінде «Әділетті Қазақстан» қағидаты айқындалған. Бұл – заң мен тәртіп үстемдік құратын, тең мүмкіндіктер мен кепілдендірілген құқықтар қамтамасыз етілетін ел қалыптастыруға бағытталған.
Депутат Преамбулада этносаралық және конфессияаралық келісімге ерекше мән берілгенін, сондай-ақ еңбек ету құқығы нормасының нақты бекітілуі маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, бірпалаталы парламент пен «Халық кеңесін» құру секілді институционалдық өзгерістер мемлекет қызметінің жаңа моделін қалыптастыруға негіз болатынын жеткізді.
Магеррамовтың сөзінше, жоба өңірлерде кеңінен талқыланып, қоғам тарапынан қолдау тапқан. Осыған байланысты Қазақстан Халық партиясы жаңа Конституция жобасын жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсынды.