Журналист Әбенова депутаттардың мәртебесін жоюды ұсынды
Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Қазір елде Жаңа Конституция жобасы қызу талқыланып жатыр. Осы тұста журналист Гүлбану Әбенова Құрылтай мүшелерінің мәртебесі мен барлық артықшылықтарын жою туралы бастама көтеріп, жазба жариялады, деп хабарлайды KazFace.kz.
Журналист Құрылтайдың тарихтағы мағынасын көтіріп, ол ешқашан элиталық клуб болмағанын алға тартты. Қазір парламент Құрылтай деп өзгертілсе, сол кездегі статусқа ие болғаны жөн деп есептейді ол.
Әбенова сондай ақ дамыған елдердің тәжірибесіне де назар аудартып, Германия, Ұлыбритания, Франция және Скандинавия мемлекеттерінде депутат деген қоғамға уақытша жалданған өкіл екенін айтты. Онда депутаттың қол сұқпаушылығы тек сөз сөйлеу мен дауыс беру аясында ғана шектеледі. Қалған жағдайда ол заң алдында қарапайым азаматпен тең.
Ал, Қазақстанда заң алдындағы теңдік депутаттық мандат басталған жерде аяқталады. Сондықтан ол Конституцияға депутаттардың барлық артықшылықтары мен кеңейтілген қол сұқпаушылығын толық алып тастау жөніндегі норманы енгізуді ұсынады. Тек Құрылтайдағы пікір білдіру мен дауыс беру үшін функционалдық иммунитет қана қалуы тиіс.
Сонымен қатар журналист депутаттарда арнайы емханалар, қызметтік баспана, жеңілдіктермен медициналық қызмет көрсету, бизнес-класс және өкілдік көліктер сияқты артықшылықтардың болмауы керектігін атап өтті. Оның ойынша, халық өкілі халықпен бірдей жағдайда өмір сүргенде ғана елдегі медицина мен әлеуметтік саланың нақты ахуалын сезіне алады.
Сондай-ақ ол тиімді шешім қабылдайтын ең өнімді жас – 40 пен 65 жас аралығы екенін айтып, жас шектеу мәселесін көтерді. Бұдан бөлек, соттылығы бар азаматтардың және жақын туыстары сотталған тұлғалардың мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар шешімдер қабылдау процесіне қатысуына шектеу қоюды ұсынды.
«Депутат – элита емес. Ол – қоғам уақытша сенім артқан адам. Егер ол артықшылықсыз өмір сүруден қорықса, оның Құрылтайда отыруына негіз жоқ», – дейді журналист.
Әбенованың айтуынша, Құрылтай – артықшылықтар клубы да, жауапкершіліктен қашатын орын да болмауы тиіс. Бұл – халық алдындағы нақты жауапкершілік алаңы.