Сұхбат KazFace.kz

3 жастан бастап табандылық танытқан жас спортшы

3 жастан бастап табандылық танытқан жас спортшы

Жұлдыз ОРАЗХАН

15 жастағы Тұрарбек Кәусар гимнастикамен 3 жасынан айналысып келеді. Ол көркем және эстетикалық гимнастика бағыттарында өзін көрсетіп, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Көркем гимнастикадан - спорт шеберлігіне кандидат, ал эстетикалық гимнастикадан — спорт шебері. Талантты спортшы Кәусар өзінің спорттағы жолы, мотивациясы мен армандары туралы толығырақ KazFace.kz тілшісіне сұхбат берді.

Кәусардың айтуынша, оны гимнастикаға анасы алып келген. Кішкентай кезінде оның икемділігін байқап, осы спорт түріне баулыған.

– Кішкентай кезімде анашым менің икемділігімді байқап, гимнастикаға өзі алып келді.Гимнастика келгендегі алғашқы жаттығуларым есімде жоқ, себебі мен гимнастикаға 3 жасымнан бастап қатысып келемін. Ол кезде кішкентай баламын.

Бастапқыда бұл таңдауды анасы жасағанымен, уақыт өте келе гимнастика Кәусардың өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Оның айтуынша, күнделікті жаттығу мен дайындық, тіпті ойының өзі гимнастикамен тығыз байланысты.

Жас спортшының ең сүйікті элементтерінің бірі — планше, поворотпен орындалатын жаттығу. Ол жаттығулар қиын болған сәттерде мотивацияны қазақстандық гимнаст қыздардың өнерін тамашалау арқылы алғанын айтады. Осындай видеолар оған ерекше күш беріп, спортқа деген қызығушылығын арттырған.

Гимнастика Кәусарға тек физикалық қабілет қана емес, сонымен қатар мінез қалыптастырған. Ол өзін шыдамдылыққа тәрбиелеп, сонымен бірге орыс тілін меңгеруге де көмектескенін атап өтті.

Ең есте қалған сәттерінің бірі - Ташкент қаласында өткен жарыс. Сол жарыста бірінші орын алып, құрбыларымен бірге барған сапарын ерекше ықыласпен еске алады.

Оның сөзінше, гимнастиканы тастау туралы ойлар да болған. Алайда дисциплина мен ішкі табандылық, сондай-ақ басқа спортшылардың жетістіктері оны алға жетелеп, спортты жалғастыруға көмектескен.

Егер гимнастика болмағанда, Кәусар өзін фигурлы коньки тебуде сынап көрер еді. Бұл спорт түріне де қызығушылығы болғанымен, ұқсастықтарына байланысты гимнастиканы таңдаған.

Жас спортшы үшін жеңіс маңызды болғанымен, ол қатысу процесін жоғары бағалайды. Себебі дәл сол процесс оған өз қателіктерін түсініп, әрі қарай дамуға мотивация береді.

Жаттығулардан кейін Кәусар өзіне кішігірім қуаныш сыйлауды ұнататынын айтады.

«Кейде кішкентай жетістіктерімнен кейін өзімді пицца немесе фастфудпен қуантамын. Ал кейде үйдегілер торт әкеліп, қолдау көрсетеді. Мен үшін ең жылы сәттердің бірі - отбасының қолдауы. Тренерімнің мақтауы да мен үшін үлкен сый», - дейді ол.

Қазіргі таңда ол Америкада білім алып жүр, сондықтан оқу оның басты назарында. Дегенмен, спорт оған табандылық, шыдамдылық және дисциплина сияқты маңызды қасиеттерді қалыптастырған. Ол осы жолда анасына ерекше алғыс білдіреді.

Сөз соңында жас гимнаст кішкентай қыздарға ешқашан берілмеуге кеңес береді. Оның айтуынша, ең бастысы - өзіңе сену және өзгелерге қарамай, алға ұмтылу.