Жаңартылған Конституция: Ту, Елтаңба және Әнұранға ерекше мәртебе берілді
Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Мемлекеттік нышандар Көк ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан тәуелсіздігінің іргетасы әрі ұлттық рухтың айқын көрінісі. Бүгінде оларға деген құрмет тек моральдық парыз шеңберінде қалып қоймай, жоғары құқықтық деңгейде бекітілген конституциялық талапқа айналып отыр. Бұл өзгеріс елдің ұлттық кодын сақтау мен нығайтудың жаңа кезеңін білдіреді.
Мемлекеттік рәміздер жай ғана ресми атрибут емес. Олар халықтың тарихи жадын, рухани құндылықтарын және болашаққа деген сенімін біріктіретін қасиетті ұғымдар. Әсіресе, олардың әрбір элементінде терең мағына жатыр. Ту авторы Шәкен Ниязбеков таңдаған көгілдір түс бейбітшілік пен тазалықтың нышаны болса, алтын күн мен қыран бүркіт еркіндік пен өрлеудің белгісі. Ал Елтаңбадағы шаңырақ ортақ үйіміздің символы, ал қанатты тұлпарлар ұлттың асқақ арманы мен ерлік рухының көрінісі.
Ұзақ уақыт бойы бұл нышандарға құрмет әр азаматтың ішкі мәдениеті мен тәрбиесінің өлшемі ретінде қарастырылып келді. Алайда жаһандану және цифрлану дәуірінде мұндай көзқарас жеткіліксіз екені анық байқалды. Осыған байланысты жаңартылған Конституция мемлекеттік рәміздердің мәртебесін жаңа деңгейге көтерді.
Атап айтқанда, Негізгі Заңның 36-бабында әрбір азаматтың мемлекеттік нышандарды құрметтеуге міндетті екені нақты бекітілді. Бұл норма Ту, Елтаңба және Әнұранды тек символ ғана емес, заңмен қорғалатын ерекше құндылық ретінде айқындайды. Енді оларға құрметсіздік таныту тек қоғамдық сынға емес, құқықтық жауапкершілікке де әкелуі мүмкін.
Сонымен қатар, заңнамадағы маңызды жаңашылдықтардың бірі мемлекеттік нышандарды цифрлық кеңістікте қорғау мәселесінің көтерілуі. Әлеуметтік желілер мен интернеттің кең таралуы жағдайында рәміздердің дұрыс қолданылуы бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Бұл виртуалды әлемде де ұлттық құндылықтарды сақтау қажеттігін көрсетеді.
Қоғам белсендісі Бисара Макенова пікірінше, бұл өзгерістер уақыт талабынан туындаған маңызды қадам.
«Бүгінгі таңда жастардың көп бөлігі ақпаратты интернеттен алады. Сондықтан мемлекеттік рәміздерге деген құрмет тек мектеп қабырғасында ғана емес, цифрлық кеңістікте де қалыптасуы тиіс. Конституциялық деңгейде бекітілген бұл талап әр азаматтың жауапкершілігін арттыратын маңызды құрал. Бұл формальді норма емес, ұлттық сананы күшейтудің нақты тетігі», - дейді ол.
Шын мәнінде, жаңа құқықтық тәсілдер заманауи патриотизмнің мазмұнын айқындап отыр. Енді мемлекеттік рәміздерге құрмет тек салтанатты жиындармен шектелмейді. Ол күнделікті өмірде, соның ішінде онлайн кеңістікте де көрініс табуы тиіс.
Осылайша, жаңартылған Конституция ұлттық құндылықтарды қорғаудың жаңа тетіктерін қалыптастырып, дәстүр мен технологияны ұштастыратын берік көпірге айналып отыр. Бұл Қазақстан қоғамының рухани жаңғыруының және құқықтық мәдениетінің жаңа белесі.