Айша Бақтығұл: инклюзивті өнердің жаңа есімі халықаралық сахнада
Жұлдыз ОРАЗХАН
Ташкенттегі аты аңызға айналған Ильхом театры сахнасында қазақстандық жас суретші Айша Бақтығұлдың жеке көрмесі ашылды, деп хабарлайды KazFace.kz.
Бұл - жас таланттың халықаралық деңгейдегі алғашқы қадамы әрі отандық заманауи өнердің жаңа кеңістікке шығуының айқын көрінісі.
Айша Бақтығұл - ерекше қажеттіліктері бар талантты жас суретші. Оның шығармашылығы бүгінде инклюзивті өнердің маңызды бағыттарының бірі ретінде бағаланып, қоғамдағы тең мүмкіндік пен мәдени әртүрліліктің маңызын айқындай түседі.
Көрме «Га Га Гой» деп аталады. Айшаның ата-анасының айтуынша, бұл атау оның бір туындысындағы жазуға сілтеме жасап, қалыпты тілдік логикаға бағынбайды әрі нақты аудармаға ие емес. Жоба көрерменді алдымен бейнені сезініп, содан кейін ғана түсінуге жетелейтін ерекше қабылдау тәжірибесін ұсынады. Айшаның жұмыстары заманауи абстракция тілі арқылы эмоция мен түйсіктің нәзік қабаттарын қозғайды.
Айта кету керек, «Ильхом» театры - Орталық Азиядағы ең беделді мәдени алаңдардың бірі. Театр жетекшілігі тарапынан жасалған бұл ұсыныс Айшаның шығармашылығына деген жоғары сенімнің белгісі. Көрменің кураторы, «Art & Creative Solutions» қоғамдық қорының негізін қалаушылардың бірі Оля Веселованың айтуынша, жоба көрерменді күнделікті өмірден алшақтатып, суретшінің ішкі эмоциялар әлеміне жетелейді.
Айша бұған дейін де Қазақстанның жетекші мәдени мекемелерінде өз жұмыстарын ұсынған. Атап айтқанда, Алматыдағы Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайы және Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі қабырғаларында көрмелері өткен. Ал Ташкенттегі жоба - оның халықаралық деңгейдегі дебюті.
Қазіргі таңда Айша Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы дайындық курстарында білім алып жүр. Оның шығармашылық дамуына белгілі суретші, «Қызыл трактор» тобының негізін қалаушылардың бірі Арыстанбек Шалбаев тәлімгерлік етуде.
Айша Бақтығұлдың «Га Га Гой» көрмесі 2026 жылдың 26 сәуіріне дейін жалғасады. Бұл жоба - тек жеке жетістік қана емес, қазақстандық өнердің шекарадан асып, жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсететін маңызды мәдени оқиға.