Жаңалықтар

Астанада 500 млн теңгеге жуық алаяқтық жасалған

Астанада  500 млн теңгеге жуық алаяқтық жасалған

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Астанада сауда үйіне қатысты жалған промокодтар арқылы жасалған ірі алаяқтық дерегі анықталды. Келтірілген шығын көлемі 500 миллион теңгеге жуық, деп хабарлайды KazFace.kz.

Елорда прокуратурасының мәліметінше, қылмыстық топ бір жыл бойы әрекет еткен. Тергеу барысында сауда үйінің қызметкері 10 танысымен алдын ала сөз байласып, тұрмыстық техника мен электрониканы арзан бағамен сатып алуға арналған жалған промокодтар рәсімдегені белгілі болды.

Осы тәсіл арқылы қаскүнемдер iPhone ұялы телефондары, ноутбуктер, теледидарлар, тоңазытқыштар және өзге де техника түрлерін сатып алып, оларды үшінші тұлғаларға сатқан.

Сот үкімімен қылмысқа қатысқан 10 адамның барлығы 4 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар келтірілген материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талап-арыздар толық көлемде қанағаттандырылды.

Алайда сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін полиция өкілдері қазақстандық әйелдің үйлену тойына дайындық пен қалыңмал төлеу сылтауымен «болашақ күйеуінен» ақша мен бағалы заттарды алып, бой тасалағаны туралы да хабарлаған болатын.