Спорт әлемі

Олимпиада жүлдесіне кімдер сыйақы алады

Олимпиада жүлдесіне кімдер сыйақы алады

Қысқы Олимпиада ойындары қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар жалпы 255 мың АҚШ доллары көлемінде жүлдеақыға ие болды, деп хабарлайды KazFace.kz.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қаржылай сыйақы 1-орыннан 6-орынға дейінгі нәтиже көрсеткен спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына төленеді.

Миланда өткен Олимпиадаға Қазақстан атынан 36 спортшы қатысқанымен, жүлдеақы тек екі қатысушыға ғана тиесілі.

Ерлер арасындағы жеке мәнерлеп сырғанауда алтын медаль жеңіп алған Михаил Шайдоров 250 мың АҚШ долларын (шамамен 124,5 млн теңге) алады. Белгіленген ережеге сай дәл осындай сома оның жаттықтырушысына да төленеді. Бұл жеңіс – Қазақстанның тәуелсіздік тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан алғашқы Олимпиада алтыны әрі қысқы ойындардағы екінші алтын медалі.

Ал 3000 метр қашықтықта 6-орын иеленген конькиші Надежда Морозова 5 мың АҚШ долларына (шамамен 2,5 млн теңге) ие болады. Оның бапкеріне де дәл осындай мөлшерде сыйақы қарастырылған.

Төлем қашан жасалады?

Әзірге қаражаттың нақты қашан аударылатыны белгісіз. 2024 жылғы жазғы Олимпиададан кейін қазақстандық жүлдегерлер сыйақыларын сегіз ай күткен болатын – төлемдер тек 2025 жылдың сәуірінде жүзеге асырылды. Заң бойынша мемлекет жүлдеақыны бір жылға дейін кешіктіруге құқылы. Бұл уақыт допингтік тексерулерден өту және резервтік қордан қаржыландыру рәсімдерін аяқтау үшін қажет.