Қазақ тілі мұғалімі әлемдік «Оскар» – WIBA Awards жүлдесін алды
Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Шығыс Қазақстан облысының тумасы, қазақ тілі пәнінің бұрынғы мұғалімі Дастан Мұхамедрахим халықаралық беделді WIBA Awards 2026 сыйлығында «Үздік тревел-блогер» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Бұл марапатты цифрлық контент саласындағы «Оскар» деп те атайды, деп хабарлайды KazFace.kz.
Айта кетерлігі, блогер бұл жетістікке Қазақстанның табиғатын насихаттайтын бейнероликтері арқылы қол жеткізді. Оның видеолары Шығыс Қазақстанның тауларынан бастап Маңғыстау өңірінің ерекше ландшафттарына дейінгі көрікті жерлерді қамтиды. Бүгінде оның аудиториясы 1,6 миллионнан аса жазылушыға жеткен.
Дастан еңбек жолын қазақ тілі мұғалімі ретінде бастаған. Кейін видеотүсірілімге қызығушылығы артып, толықтай тревел-контент жасауға бет бұрды.
Қазіргі таңда оның жұмыстары халықаралық деңгейде танылып, видеолары миллиондаған қаралым жинауда. Сонымен қатар, ол ірі халықаралық брендтермен жұмыс істеп, әлемдік инфлюенсерлер форумдарына қатысып жүр.
Блогердің «Бұл басқа ел емес, бұл – Қазақстан» деген идеясын негізге алған ерекше форматы да көпшілікке кеңінен танылды. Бұл тәсілді өзге елдердің контент жасаушылары да қолдана бастады.
WIBA Awards-тағы жеңіс – тек жеке жетістік қана емес, сонымен қатар Қазақстанның туристік әлеуетін заманауи цифрлық форматта әлемге танытудың айқын көрінісі.