Astana LRT: жолаушылар қозғалысы көктемде басталуы мүмкін
Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Астана қаласының әкімі Жеңіс Касымбек елордадағы LRT желісінің қашан іске қосылатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, жеңіл рельсті көлік жолаушыларды тасымалдауды осы көктемде бастауы мүмкін, деп хабарлайды KazFace.kz.
Әкімнің хабарлауынша, қазіргі таңда тестілік пайдалану кезеңі жалғасуда. Жолаушылар қозғалысының нақты басталу күні барлық техникалық талаптардың толық орындалуы мен жүйенің қауіпсіздігі расталғаннан кейін белгілі болады.
«LRT жұмысының басталуы алдағы айларда, яғни көктемде күтіледі», – деп жазды қала әкімі.
Женис Қасымбек LRT құрамдары жүргізушісіз, яғни автоматтандырылған режимде қатынайтынын атап өтті. Жуырда әкім премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр бірге LRT депосында болып, бірыңғай диспетчерлік орталықтың дайындығымен танысты.
Бұл орталық:
- LRT пойыздарының қозғалысын басқару,
- зияткерлік көлік жүйесіндегі бағдаршамдарды үйлестіру,
- қоғамдық көлікті диспетчерлеу,
- велосипедтерді жалға беру жүйесін бақылау,
- көлік деректерін талдау жұмыстарын атқарады.
Сынақ кезеңі жалғасуда
Қала басшысы «Әуежай», «Бәйтерек», «Дом министерств», «Музей» станцияларында болып, сынақ жұмыстарының барысын тексерді. Тестілеу бүкіл желі бойымен бекітілген бағдарламаға сәйкес жүргізілуде.
Сынақ барысында:
- инфрақұрылым мен қауіпсіздік жүйелері тексеріледі,
- қызметкерлер даярланады,
- төтенше жағдай сценарийлері пысықталады.
Пойыздар Орталық Азия климатына бейімделген, төмен температура мен көктайғаққа төзімді.
Айта кетейік, LRT-ның тестілік пайдалануы 2025 жылғы 29 қыркүйекте басталған. Сол кезде сынақ мерзімі кемінде алты айға созылатыны хабарланған болатын.
Қозғалыс интервалы мен уақыт
Оператор – City Transportation Systems (CTS) компаниясының мәліметінше:
- пойыздар арасындағы интервал 5–10 минут,
- станциялар арасындағы жол жүру уақыты 1,5–3 минут,
- «Нұрлы жол» станциясынан «Әуежай» станциясына дейінгі сапар шамамен 40 минут,
- пойыздардың жылдамдығы 40–50 км/сағ.
Сонымен қатар, өткен жылдың қазан айында әкім LRT-ның келесі желісі Қосшы бағытына қарай салынатынын мәлімдеген еді. Ал биыл ақпанда Чингиз Айтматов көшесінде жобаның екінші кезеңі аясында дайындық жұмыстары басталды.
Осылайша, елорда тұрғындары LRT-ның толық іске қосылуын алдағы көктем айларында күте алады.