Қазақстанда фармацевтикалық 4 ірі зауыт салынады
Қазақстанда фармацевтика саласында жалпы құны 173 млрд теңге болатын төрт ірі инвестициялық жоба іске асырылады, деп хабарлайды KazFace.kz.
Жобалар Мемлекет басшысының отандық дәрі-дәрмек өндірісін арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында ҚР Үкіметі тарапынан мақұлданды.
Инвестициялар «АлтИНФАРМ», «МСП-РОМФАРМ», «Абди Ибрагим Глобал фарм» және «Нобель Алматы фармацевтикалық фабрикасы» компаниялары арқылы жүзеге асады. Нәтижесінде 675 жаңа жұмыс орны ашылып, 356 атаудағы дәрілік зат өндіру жоспарлануда.
Зауыттар Алматы қаласында, Түркістан және Алматы облыстарында салынады. Өндірісте онкология, қант диабеті, вирусқа қарсы және басқа да әлеуметтік маңызы бар дәрілік препараттар шығарылады. Жобалар фармацевтикалық өндірістің үлесін арттырып, импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.