Актер және режиссер Балтабай Сейітмамытұлы өмірден өтті
Жұлдыз ОРАЗХАН
Қазақстандық актер және режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Балтабай Сейітмамытұлы өмірден өтті, деп хабарлайды KazFace.kz.
Қазақ театры мен киносының майталманы Балтабай Сейітмамытұлы өмірін отандық сахна өнеріне арнады. Ол сахнада сомдаған образдары арқылы бірнеше буын көрерменнің жүрегіне жол тапты.
Балтабай Сейітмамытұлы театр және кино саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, 50-ге жуық кинотуындыға түсіп, театр сахнасында 60-тан астам рөлді сомдаған. Ол Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры мен Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының алтын қорына енген образдар галереясын қалыптастырды. Классикалық және заманауи драматургияда жұмыс істеп, актерлік шеберлігімен ерекшеленді.
Режиссер ретінде сахналық шешімдердің нақтылығы мен актерлік ансамбльге мән беруін көрсетті, жас өнерпаздарға кәсіби бағыт-бағдар берді. Әріптестері оны кәсіби тәртіпке берік, сахна мәдениетін жоғары қоятын маман ретінде сипаттайды.
Өнер саласындағы еңбегі үшін Балтабай Сейітмамытұлы 2013 жылы “Құрмет” орденімен марапатталған, сондай-ақ оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілген.
Марқұмның қазасына байланысты мәдениет саласының өкілдері мен ресми мекемелер көңіл айтты. Балтабай Сейітмамытұлының шығармашылық мұрасы қазақ театр және кино өнерінің тарихында мәңгі сақталады.