Кәсіп бар, сұраныс бар, шебер жоқ
Гүлбану АБЕНОВА
Константин 40 жылдан астам уақыт аяқ киім, сөмке, шемодан жөндеп, терімен жұмыс істеп, құлыптарды ауыстырып келеді.
Соның ішінде осы жертөледегі кішкентай ғана каморкада 20 жылдан бері еңбек етеді. Мен үшін бұл таңғаларлық - өз кәсібіне деген адалдық, тұрақтылық.
Оның айтуынша, жыл сайын бәсекелестер азайып барады. Қазір орта арнаулы оқу орындарында аяқ киім жөндеу шеберлерін дайындамайды. Кәсіп жоғалып бара жатыр, ал сұраныс - бар.
Өзі Целиноградтың тумасы, жергілікті. Аяқ киім жөндеу және ортопедиялық аяқ киім жасау мамандығы бойынша училищені бітірген. Тольяттиде оқыған. Әскерден кейін қалаға оралып, содан бері осы қалада жұмыс істеп келеді.
Мен оның қанша табыс табатынын сұрамадым. Бірақ жаман емес екені анық. Себебі қасындағы көршісі - тұрмыстық техниканы жөндейтін Юрий - жұмысқа үлкен қара джиппен келеді. Желтоқсанда мен оған шаңсорғыш апарғанда, ол бір күнде бітіре алмайтынын айтты, себебі отбасымен 10 күнге Дубайға демалуға ұшып бара жатқан екен.
Демек, табыстары жаман емес. Бәсекелестік жоқ. 20 жылда адамдар бұл жертөлеге жол салып қойған, қазір алғашқы клиенттердің немерелері өздерінің шәйнек, тостерлерін жөндетуге әкеледі.
Неге біздің жастар қолымен бірдеңе жасауды үйреніп, нақты бір істің шебері болуға ұмтылмайды? 20–40 жыл бір іспен айналысып, орны толмас маманға айналуға не кедергі? Қазір колледждерде қандай мамандықтарға оқытады және қалай оқытады?
Шынымен де жөндеу шеберлері керек емес пе? Біз расында бәрін лақтырып, жаңасын сатып алғанды жөн көретін қоғамға айналдық па? Ертең бірдеңе бұзылса, оны кім жөндейді? Әлде біз бір реттік заттар мен бір реттік дағдылар әлемінде өмір сүруді таңдадық па?
Барлығы «трендовый» мамандықтарға ұмтылып жатқанда, ақша тыныш қана «модный емес» салаларда жатыр. Және, шамасы, ол жерде бұрыннан бар тек оған ешкім бармайды.
Ал риэлтор, блогер, коуч сияқты мамандықтар уақытша. Өмірдің өзі көрсетеді: бос, нақты дағды мен құзыретсіз адам адал еңбектің шынайы табысын таба алмайды.