Астанада мектеп директоры 600 млн теңге жымқырған
Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Астанада №81 мектептің бұрынғы директоры Гүлнар Садықова мен бас бухгалтері Айжан Атжановаға қатысты сот үкімі жарияланды, деп хабарлайды KazFace.kz.
Тергеу деректері бойынша, мектеп басшылығы білім ордасын жеке пайда табу құралына айналдырып, мемлекетке шамамен 600 миллион теңге көлемінде залал келтірген.
Сот материалдарына сәйкес, директор мен бухгалтер жалған қызметкерлерді тіркеп, олардың атына жалақы аударған. Тек осы бағыттағы шығын 28 миллион теңгеден асты.
Сонымен қатар, мектептің мектепке дейінгі білім беруге лицензиясы болмағанына қарамастан, даярлық сыныптары ашылып, балалар оқытылған. Ата-аналардан төлемдер тек қолма-қол түрде қабылданып, осы әрекеттер салдарынан келтірілген шығын 300 миллион теңгеден астам болды.
Сот отырысында екі айыпталушы да кінәларын жартылай мойындаған.
Сот үкімі:
• Директор Гүлнар Садықова — 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның 500 шаршы метрлік зәулім үйі, 10 қымбат бренд сөмкесі, зергерлік бұйымдары және автокөлігі тәркіленді.
• Бас бухгалтер Айжан Атжанова — 7 жылға сотталып, автокөлігі мен коммерциялық нысаны мемлекет кірісіне алынды.
Сот есептеулеріне сәйкес, жалпы залал көлемі шамамен 900 миллион теңге болды.
Айта кетейік, Гүлнар Садықова — бұрын қоғамдық назарда болған Индира Асанбаеваның анасы. Ол елді дүрліктірген оқиғалар мен сот процестерінде де жариялылыққа шыққан еді.
Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.