Репортаж

«Мен жаныңдамын»: Инклюзивті қоғамның жаңа бейнесі

«Мен жаныңдамын»: Инклюзивті қоғамның жаңа бейнесі

Жұлдыз ОРАЗХАН

Олар жанымызда және олар бақытты, «Мен жаныңдамын» атты көрмені көрген сәтте көкейіме келген алғашқы ой осы болды. Бұл сөз тек атау емес, бұл - ішкі мойындау, болмысты қабылдай білу. Құжынаған адамдар тіршілігінен  қашпай, соған қарай батыл қадам басу.

Астанадағы Efes Art Space кеңістігінде, Sal Seri галереясында 2026 жылдың 12 ақпаны мен 15 наурызы аралығында фотосуретші Анель Базылованың «Мен жаныңдамын» көрмесі өтіп жатыр. 

Көрме екі жобадан құралған: «Аман болшы» және «Күннің соңынан ер». «Аман болшы» жобасы сирек генетикалық аурулары бар және онко-статусы бар әйелдерге арналған. Әдетте кез келген медициналық диагноздарды естіген сәтте бізде бірден аяушылық сезімі пайда болады. 

Алайда Анель Базылова өз сөзінде:

«Біз айналамызға қарадық. Бұл әйелдер біздің арамызда. Біз олардың бір бөлшегіміз, олар біздің бір бөлшегіміз. Мұны неғұрлым тез түсінсек, соғұрлым инклюзивтілік өміріміздің ажырамас бөлігіне айналады»,- дейді.

Бұл сөздер көрменің өзегіне айналғандай. Өйткені кадрларында артық пафос жоқ, аяушылық жоқ. Оның камерасы кейіпкерлердің диагноздан шегіп жатқан азабын емес, олардың мықты мінезін, жігерлігін көреді. 

Көрме аясында «Күннің соңынан ер» жобасының негізінде түсірілген авторлық фильм де көрсетілді. «Күннің соңынан ер» - жас суретші Айша Бақтығұл мен оның метафоралық әпкесі іспетті Айгеримнің тарихы.

Айша - Даун синдромы бар жас суретші. Ол үшін сурет салу - әлеммен тілдесудің жолы, ішкі ойын бояу арқылы жеткізу мүмкіндігі.

Айгерим Аяпбергенова - есту қабілеті бұзылған спортшылар арасында жүзу мен жеңіл атлетикадан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, спорт шебері. Оның жолы - табандылықтың жолы. Оның жетістігі - үнсіз еңбек пен сенімнің нәтижесі.

Осылайша «Аман болшы» және «Күннің соңынан ер» жобалары бір идеяға тоғысады: адамды шектеумен емес, шексіздігімен көру.

Мен үшін Айша мен Айгерим тек фотокөрме кейіпкерлері емес, өмірге деген кіршіксіз, тыныш махаббаттың символы. Бірі өнер арқылы, бірі спорт арқылы өзін дәлелдеп, қоғамның шектеуімен күресе білген қайсар жандар.

Өткен жылы қылқаламды серік еткен Айша жеке көрмесін өткізді. Айша туралы сөз қозғағанда,  ата-анасының толқынысы мен қолдауын айтпай кету мүмкін емес.

Олардың айтуынша, әрбір жетістік - үлкен сенімнің нәтижесі. Басында кәсіби студияға бару, кейін көрме өткізу, одан соң фотосессияға қатысу - бәрі күмән мен үміттің арасында қабылданған шешімдер болған.

«Ерекшелігін ескере отырып, мұндай бастамалар әрдайым қорқыныш тудырады. Бірақ сенім бізді үнемі жеңіске жетелеп келеді», — дейді Айшаның әкесі Кемельбек Ойшыбаев.

Қазір Айша сурет салуды жалғастырып, инклюзивті театрда да қадам жасап жүр. Оның шығармашылық жолы жалғасуда. Ал ата-анасы үшін ең маңыздысы - оның өз орнын табуы, өз жарығын жоғалтпауы.

Бұл көрмеде Динара Иса, Асель Амирбаева, Еркежан, Дина Рустембаева, Асия Турсунова, Жанара Даулетова және басқа да кейіпкерлердің тағдырлары тоғысады. Әрқайсысының әр тіршілік иесінде болатын өмірлік күресі мен үнсіз жеңісі бар. 

Анель Базылова эстетика мен этиканың арасындағы нәзік тепе-теңдікті сақтай отырып, бір маңызды нәрсені еске салады: адамды «тақырыпқа» айналдырмау керек.

Қарау керек. Қабылдау керек. Жай ғана жанында болу керек.

Сонда ғана «Мен жаныңдамын» деген сөз шын мәнінде естіледі және сол сәтте бақыттың алыста емес, дәл жанымызда екенін түсінеміз. Фотокөрмені көргеннен кейін айтқым келетіні: мен де жаныңдамын және мен бақыттымын.