Перизат Қайрат пен анасына қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды

Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Перизат Қайрат пен оның анасы Гайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына қарауға жіберілді. Бұл туралы бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады, деп мәлімдеді KazFace.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, аталған азаматтар Қазақстан Республикасы азаматтары мен ұйымдарынан 3 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікке ілінген. Тергеу мәліметінше, олар бұл қаражатты балалардың ауруына, мүгедектігіне байланысты қайырымдылық көмек көрсету, су тасқынынан зардап шеккендер мен Таяу Шығыстағы қақтығыстар салдарынан зардап шеккендерге жәрдемдесу сынды желеумен жинаған.
Еске сала кетейік, Перизат Қайрат — «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қорының басшысы. Қоғамдастық атынан қайырымдылық бағытында белсенділік танытып келген бұл ұйымның әрекеті кейіннен күмән туғызып, тергеу амалдарына негіз болған еді.
Қазіргі таңда іс бойынша барлық материалдар сотқа беріліп, айыптау тарабы өз дәлелдерін ұсынып отыр. Енді түпкілікті шешімді сот органы шығарады.