Гүлбану Әбенова «Қыз Жібек» қамзолына қатысты наразылық білдірді
Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Журналист Гүлбану Әбенова әлеуметтік желіде «Қыз Жібек» фильміндегі реквизиттің жеке адамның қолына өтуіне қатысты өз наразылығын білдірді, деп хабарлайды KazFace.kz.
Оның айтуынша, егер бұл шынымен де атақты тарихи фильмде пайдаланылған, белгілі суретші Гүлфайрус Исмаилованың қолынан шыққан Жібектің қамзолы болса, онда оның жеке адамдардың иелігіне қалай өткеніне қатысты көптеген сұрақ туындайды. Істің байыбына бару үшін ол қазақ фильмнің баспасөз қызметіне хабарласқан. Бірақ олар жауап беруден бастартқан.
Журналист бұл жәдігер ұлттық киноөнердің маңызды символы екенін атап өтіп, мұндай құндылықтың музей қорында сақталуы тиіс екенін жеткізді.
Айта кетейік, продюсер Баян Мақсатқызы әлеуметтік желіде аталған қамзолды киіп видео жариялаған. Бейнежазбада ол:
«Қазір менің үстімде аса құнды жәдігер. Маған әкеліп берді», – деп атап өткен.
Гүлбану Әбенованың пікірінше, «Қыз Жібек» – қазақ киносының жауһары, ал басты кейіпкердің киімі – тұтас бір дәуірдің белгісі. Сондықтан оның орны жеке гардеробта емес, Ұлттық музей төрінде болуы қажет.
Бұл пікір әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан да кең қолдау тапты. Көпшілік бұл жәдігердің тарихи маңызы зор екенін алға тартып, оның мемлекет қарамағында сақталуы керектігін айтты.
«Өте дұрыс! Шынымен де бұл тарихи зат. Оның орны төрде, мұражайда! Сізбен 100% келісемін! Шынымен де “Қазақфильм” ұжымы немесе ұлттық музей басшылары ай қарап отыр ма? Әлде байларға бәрі тәуелді ме? “Ақшаға бәрі сатылады” дегеннің дәлелі ме?» – деп жазды желі қолданушылары.