Спорт әлемі

Қазақстан спорты: жаңару мен жаңа мүмкіндіктер

Қазақстан спорты: жаңару мен жаңа мүмкіндіктер

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Елімізде спорт саласын түбегейлі жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалар кезеңі басталды. Жаттықтырушылардың еңбекақысын арттыру, цифрландыру жүйесін жетілдіру және басқарудың орталықтандырылған моделі – осының бәрі қазақстандық спорттың жаңа даму бағытын айқындайды. Бұл жайында Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды KazFace.kz.

Жарасбаевтың сөзіне сүйенсек, қазіргі уақытта спорт саласын қамтитын заңнамалық түзетулердің екінші кезеңі дайындалып жатыр. Бұл өзгерістер балалар мен жасөспірімдер спортын жүйелі түрде қолдауды, сонымен қатар спорт ұйымдарының құқықтық мәртебесін нығайтуды көздейді.

«2026 жылдан бастап жаттықтырушылар бірыңғай стандарт бойынша жұмыс істейтін болады. Осыған орай, олардың орташа жалақысы шамамен 30 пайызға ұлғаяды деп күтілуде. Бұл – сала мамандарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты қадам», – деді вице-министр.

Салада цифрлық технологияны енгізу де басты назарда. Қазіргі уақытта үш негізгі модульден тұратын спорттың цифрлық платформасы іске қосылған. Олар: спортшылар мен жаттықтырушылардың электронды паспорты, бұқаралық іс-шаралардың күнтізбесі және спорт нысандарының деректер базасы. Бұл жүйе саланың ашықтығын арттырып, басқарудағы тиімділікті қамтамасыз етеді.

Бұдан бөлек, жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі жетілдірілмек. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептеріне мемлекеттік тапсырысты орналастыру және оларды аккредиттеу тәртібі нақтыланады. Бұл өз кезегінде инфрақұрылымның сапасын арттырып, ресурстарды ұтымды пайдалануға жол ашады.

Жаңа заң жобасында алғаш рет «басым спорт түрлері» ұғымы заң жүзінде бекітілмек. Олимпиада, Паралимпиада, Азия ойындарына енетін спорт түрлерімен қатар, ұлттық және олимпиадалық емес бағыттар да қолдауға ие болады. Мұндай тәсіл жастар спорты мен бұқаралық қозғалысты дамытуға мол мүмкіндік береді.

Кәсіпқой клубтарға бөлінетін бюджет қаржысын шектеу мәселесі де қарастырылуда. Сонымен қатар, Қазақстан азаматтығын алмаған спортшыларға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсету тоқтатылуы мүмкін.

«Біз кәсіби және бұқаралық спорт арасындағы тепе-теңдікті сақтауымыз қажет. Әрине, жоғары жетістіктер спорты маңызды, бірақ халықты қамтитын бұқаралық спортты дамыту – басты басымдық», – деп нақтылады Жарасбаев.

Саладағы тағы бір үлкен жаңалық – басқару жүйесінің тік құрылымға көшуі. Яғни, өңірлік спорт басқармалары республикалық деңгейдегі уәкілетті органға тікелей бағынатын болады. Бұл тәсіл барлық аймақта спортты бірыңғай стандартпен дамытуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, басқарушы кадрларды ротациялау принципі енгізіледі: әр бес жыл сайын спорт саласындағы басшылар ауысып отырады. Бұл жаңалық өңірлік басқармалардың тиімділігін арттырып, кадрлық тоқырауға жол бермейді.

«Министрлік жанынан арнайы комиссия құрылып, өңірлік спорт басшыларын келісу процесі жолға қойылды. Қазіргі таңда 11 өңірлік басшының кандидатурасы мақұлданды», – деп түйіндеді вице-министр.

Атқарылып жатқан бұл кешенді шаралар Қазақстан спортының халықаралық деңгейде лайықты бәсекеге қабілетті болуына жол ашады. Алдағы Олимпиада ойындары қарсаңында мұндай жүйелі өзгерістер – спорт саласына жасалған стратегиялық инвестиция.